Енді компания келісімді орындату мақсатында Маскты сотқа бермек
Миллиардер Илон Маск Twitter әлеуметтік желісін сатып алу келісімінен бас тартқанын мәлімдеді, деп хабарлайды ВВС жаңалықтары.
Мәміле 44 миллиард долларға бағаланған. Енді компания келісімді орындату мақсатында Маскты сотқа бермек. Маск адвокаттарының сотқа берген материалдарында компанияның оған платформадағы жалған аккаунттар туралы толық мәлімет берілмегені жазылған. Маск осы жылдың сәуір айында жарияланған мәміледен бас тартады деген хабардан кейін Twitter акцияларының құны 6%-ға төмендеді.
Компанияның директорлар кеңесінің төрағасы Брет Тейлор компанияның қосылу келісімін орындау үшін заңды шара қолдануды жоспарлап отырғанын айтып жауап берді. Маск қорғаушыларының өтінішінде Twitter-дің платформадағы жалған немесе спам тіркелгілері туралы ақпарат алу туралы бірнеше сұрауларға жауап бермегені немесе жауап беруден бас тартқаны жазылды. Бұған дейін Маск егер әлеуметтік желі басшылығы оған жалған және спам аккаунттары Twitter қолданушыларының 5%-дан аспайтынын дәлелдемесе, мәміледен бас тартатынын айтқан. Маусым айында реттеуші органдарға жолдаған ресми хатында Маск компанияның сатып алушысы ретінде Twitter-дегі спам аккаунттар санын дербес бағалауға құқығы бар екенін жазды. Маск тарапы Twitter осылайша сату келісімінің шарттарын бұзды деп мәлімдейді.