Бірінші сынып оқушылары бір тілде ғана білім алады
Баланы дамыту үшін алдымен ана тілін үйретіп алған өте маңызды
Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Түркістан облысының тұрғындарымен кездесуде айтты.
Министр 1 қыркүйектен бастап білім саласына енгізетілетін жаңалықтарды атап өтті. Биылғы оқу жылынан бастап қазақ мектебінің бірінші сыныбына барған балалар тек қазақ тілінде білім алады.
Мұның алдында бірінші сыныпқа барған бала қазақ тілімен қатар, ағылшын және орыс тілінің әліппесін оқу керек болды. Бұл 6 жастағы бала үшін қиын. Баланы дамыту үшін алдымен ана тілін үйретіп алған өте маңызды. Біз сол шешімді қабылдадық. Биылдан бастап қазақ тілді мектепке барған балалар, тек қаза тілінде жазып, үйренетін болады, - деді Асхат Аймағамбетов.
Сондай-ақ, министр педагогтардың мәртебесін көтеру бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтиже бере бастағанын жеткізді.
«Мұғалімдерді өздеріне тән емес жұмыстардан босаттық. Жалақысы өсті. Соның ішінде әртүрлі құжат, әртүрлі есеп тапсыру бойынша үлкен проблема болды. Жалпы мен қол қойған бұйрық бойынша педагог біріншіден күнделікті электронды журналға баға қояды. Екіншісі күнделікті оқу жоспарын дайындайды. Бітті, басқа ештеңе болмауы керек. Кімде-кім осы бұйрықты бұзатын болса, онда біз оларды қатаң жауапкершілікке тартамыз. Алдыңғы жылы осы бағытта 700-ге жуық адам түрлі жауапкершілікке тартылды», - деді министр.