Тараз қаласында 12 аялдама құласа, 32 бағдаршам істен шықты
17 қарашада Жамбыл облысы аумағында болған қатты дауыл салдарынан Тараз қаласында 200-ден аса тал құлаған. Бұл туралы Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев мәлімдеді.
Тараз қаласы бойынша 5 көпқабатты тұрғын үйдің 50-200 шаршы метр және 12 мектеп, 4 бөбекжай-бақшасының 50-300 шаршы метр шатыры зақымданды. Қала көшелерінде 10 электр бағанасы құласа, 0,5 шақырым электр желісі үзілді.
Жылу беруші кәсіпорындардағы 5 кіші қазандықта электр желілерінің зақымдалуына байланысты, жылу беру уақытша тоқтатылған.
Қала көшелерінде 45-тен аса үлкенді-кішілі тал, 12 аялдама құласа, 32 бағдаршам істен шықты. Шаһарда 34 билборд, 9 пилонның баннерлері мен 64 жалауша жыртылып, зақымданды.
Одан бөлек, дүлей дауыл салдарынан Жамбыл облысында 53 адам зардап шегіп, дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Облыстық көпбейінді ауруханасына 4 бала түскен, оның үшеуі стационарға жатқызылды, біреуі амбулаторлы түрде ем қабылдады. Сондай-ақ дауыл кезінде Жамбыл ауданына қарасты Жалпақтөбе ауылында 17 жастағы жасөспірім үйдің шатырынан құлап, оқиға орнында мерт болды.