Он күн бұрын өтуі тиіс болған отырыс бүгінге ауыстырылған еді
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өзінің блогер Гүлбану Әбенованың үстінен түсірген шағымы бойынша өтіп жатқан сот процесіне қатыспады. Он күн бұрын өткен отырыс министрдің өтініші бойынша бүгінге белгіленген еді, деп хабарлайды Halyq uni тілшісі.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, 28 маусым күні өткен сот отырысы Саясат Нұрбектің өтініші бойынша 8 шілдеге шегерілді.
Оның себебін қорғаушы талапкердің отырысқа өзі қатысып, сот сараптамасын жасаған мамандар мен блогерге сұрақ қойып, жауап алғысы келетінімен түсіндірген болатын. Алайда бүгінгі процесске министр қатыспады. Оның себебі премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өтетін жиынға қатысуы. Сонымен бірге сот отырысында талапкер тарапы арызын нақтылау туралы өтініші қаралды. Атап айтқанда блогердің парақшасында жарияланған жазбаны толықтай шындыққа жанаспайды және талапкердің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайды деп тану үшін талап толықтырылды. Себебі бұған дейін жазбадағы бірнеше сөйлем ғана негізге алынған. Енді Саясат Нұрбектің талабы кеңейтіп, тұтас жазбаны шындыққа жанаспайды деп танылуын сұрап отыр.
Судья талапкердің өтінішін қанағаттандырып, блогердің жазбасына қосымша сот сараптамасын тағайындады. Сараптама Гүлбану Әбенованың жазбасында Саясат Нұрбектің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәлімет бар ма деген сұрақтың жауабын беруі керек. Қосымша сараптама тағайындау себебін судья бұған дейін сараптама тұтас жазбаға емес, жекелеген сөйлемдерге жасалғанын және сот тағайындаған сұрақтарға толық жауап алынбағанымен түсіндірді.
Еске сала кетейік, журналист-блогер Гүлбану Әбенова 2021 жылы Саясат Нұрбектің 2010-2013 жылдар аралығында «Халықаралық бағдарламалар орталығының» президенті болған кезде «Болашақ» бағдарламасы аясында болжам бойынша жасаған сыбайлас жемқорлық схемалары туралы жазба жариялаған болатын.
Биыл 25 ақпанда Нұрбек «Нұр Отан» партиясының тізімі бойынша Парламент Мәжілісінің депутаты болды. Ол Мәжіліс депутаты кезінде блогердің әлеуметтік желідегі жазбалары үшін оның үстінен сотқа арыз түсірген еді.
Саясат Нұрбек 2022 жылдың 11 маусымында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі лауазымына тағайындалды.