Бұл паразит адам ағзасында ондаған жылдар бойы өмір сүреді
Солтүстік Қазақстан облысында биыл балықтан жұғатын паразиттік ауру – описторхоздың 13 жағдайы тіркелді.
Облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, описторхоз – адамның ұйқы безін, өт жолдарын және бауырын зақымдайтын табиғи-ошақтық құрт ауруы. Паразиттің тасымалдаушысы адам және үй жануарлары – ит пен мысық болуы мүмкін. Бұл паразит адам ағзасында ондаған жылдар бойы өмір сүреді. Салдарында описторхтар бауыр обырын тудыруы мүмкін.
Ауру қоздырғышы - үлкендігі 1 см болатын описторх құрты немесе сібір сорғышы, оның жұмыртқасы өте ұсақ болады. Құрттың жұмыртқасы мен дернәсілі қоршаған ортаға төзімді келеді: топырақ үстінде құрт жұмыртқалары 10 күнге дейін, ал су айдындарында 2 жылға дейін сақталады. Дернәсілдері 12 градуста 1 айға дейін, балықтағы тұздың мөлшері 10% болғанда 37 күнге дейін, қақталған балықта 20 күнге дейін сақталады. Балықты ыстықтай қақтау дернәсілді жояды, ал суықтай қақтау олардың өмір сүруіне әсер етпейді, - дейді департаменттің инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің бас маманы Салтанат Бекумова.
Маманның айтуынша, адамға инфекция шикі, жеткілікті қуырылмаған және аздап тұздалған, кептірілген балықты жегенде жұғады.
«Онда описторхис гельминттерінің дернәсілдері болады. Описторхис дернәсілдері негізінен тұқы текті – язь, елец, шабақ, еуропалық плотва, вобла, линь, красноперка, сазан және табан, тұқы, мөңке балықтарында кездеседі. Бір балықта 7 мыңға дейін дернәсіл болуы мүмкін. Зақымдалған балықты айыра алмайсыз, өйткені дернәсілдер тек микроскоппен ғана көрінеді», - дейді Салтанат Бекумова.
Описторхозды жұқтырмау үшін балықты жеткілікті деңгейде пісіріп жеген дұрыс. Балықты қайнаған сәттен бастап кем дегенде 15-20 минут пісіру керек, ал балық бәлішін пеште кемінде 40 минут ұстаған жөн. Аз тұздалған және тоңазытылған балық етін пайдаланудан бас тарту қажет.