ҰҚК бір айда 1,3 миллиард теңгенің есірткісін тәркіледі

Қанат Атаманов

Ұлттық қауіпсіздік комитеті арнайы операциясы барысында есірткі құрылымының 31 қатысушысын ұстады

Фото: tengrinews.kz

Ұлттық қауіпсіздік комитеті арнайы операциясы барысында есірткі құрылымының 31 қатысушысы ұсталды.

Ведомство мәліметінше, 2022 жылғы маусымда комитет Ресей, Қырғызстан және Өзбекстанның арнайы қызметі мен құқық қорғау органдарымен бірлесіп, есірткіге қарсы 21 операция жүргізген. Нәтижесінде есірткі трафигінің 6 халықаралық және 12 өңірлік арнасы жойылды. Синтетикалық есірткі өндіретін 3 жасырын зертхана қызметі бейтараптандырылды. 

Арнайы операциялар барысында есірткі құрылымының 31 қатысушысы ұсталды. Заңсыз айналымнан 120,6 келі есірткі, оның ішінде 61,8 келі синтетикалық есірткі (206 мың «бір реттік дозаға» баламалы), 6 келі марихуана, 52,7 келі гашиш тәркіленді. Бұдан бөлек, психотроптық заттарды дайындауға арналған 6 мың экстази таблеткасы және 2 тоннадан аса химиялық реагенттер айналымнан шығарылды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті арнайы операциясы барысында есірткі құрылымының 31 қатысушысын ұстады, - делінген комитеттің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Маусымда тәркіленген есірткінің жалпы сомасы «қара нарықта» 1,3 миллиард теңгеге бағаланады.

ҰҚК мәліметінше, халықаралық есірткі бизнесіне қарсы іс-шаралар жалғасып жатыр. Бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті Орталық Азия елдеріне есірткі өндірісі мен контрабандасы бойынша халықаралық есірткі синдикатын жоюға арналған операция жүргізілгені хабарланған еді.