Halyq Uni логотип
×

Петропавлда не үшін төтенше жағдай жарияланатыны айтылды

Бір кездері жекеменшікке өткен стратегиялық нысан мемлекет қаржысына жөнделуі мүмкін

 Самат Жақып 08.07.2022 | 16:42
Петропавлда не үшін төтенше жағдай жарияланатыны айтылды
фото: Halyq Uni

Петропавлда Жылу 2-ші электр орталығында болған апатқа байланысты техногендік төтенше жағдай жарияланбақ. Бұл туралы ақпарат «Ашық НҚА» порталында жарияланды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Қалалық әкімдік өкілдері мұндай шешім төртінші шілде күні өткен комиссия отырысында қабылданғанын жеткізді.

Төтенше жағдай жариялаудың мақсаты – Петропавл ЖЭО болған апат салдарын жою, - делінген әкімдік таратқан хабарламада.

Естеріңізге сала кетсек, биыл 20 наурызда жылу орталығының нөмірі бірінші мұржасы опырылып құлаған болатын. Үйіндінің астында қалған бір жұмысшы әйел қайтыс болды. Қылмыстық іс қозғалып, орталық директоры мен бас инженері қамауға алынған еді. Тергеу амалдары әлі күнге дейін жалғасып жатыр. Құлаған мұржаның үйінділері 1300 шаршы метрге дейін шашылған болатын. Оны тазалау жұмыстары жүргізілуде. Кәсіпорын басшылығы оны тамыз айына дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар стратегиялық нысанда қондырғылар да  жөнделуде. Соның салдарынан қысым төмендеп, қаланың кей аудандары ыстық сусыз қалды. Кәсіпорын өкілдері келер аптада бәрі қалыпқа келетініне сендірді.

Айта кету қажет, Петропавл жылу орталығының мұржалары 9 жылдан бері тексерілмеген. Талапқа сай мұндай қондырғылардың жағдайы әр 5 жыл сайын сараптамадан өтуге тиіс. Соның салдарынан кәсіпорында өткен жылыту маусымында бірнеше рет апат болды. Қондырғылардың 60 пайызы тозған. 18 млрд теңгеге кешенді күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізілмек. Енді бұл қаржы мемлекеттік бюджеттен бөлінуі мүмкін. Әзір жауаптылар бұл жайында ақпар таратқан жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама