Астанада жыл сайын кемінде 10 мектеп салу керек – Көлгінов

Дастан Жұмабекұлы

Биыл 20 мыңнан астам оқушыға 11 оқу орны ашылады

фото: ianews.kz

Орталық коммуникациялар қызметінде Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов биыл 20 мыңнан астам оқушыға 11 мектептің ашылатынын айтты. Оның айтуынша, оқу орындарының құрылысы қаланың барлық ауданында болып жатыр.

Қалада халықтың жыл сайын көбеюіне байланысты әлеуметтік нысандарға, оның ішінде оқу орындарына деген сұраныс артып келеді. Оқушыларға мектеп салу жоспарлы түрде салынып жатыр. Қазір жұмыс істеп тұрған оқу ордаларына артылып жатқан артық жүктемені алып тастау үшін жыл сайын кемінде 10 мектеп салу қажет, – деді Көлгінов. 

Әкім 3 жылда 34 мектеп салынып, пайдалануға берілгенін, олар 70 мың оқушыға арналғанын айтты.

Мысалы, соңғы екі жылдың өзінде халық тығыз қоныстанған Есіл ауданында 12 мектеп, Алматы ауданында – 7, Байқоңыр ауданында – 4, Сарыарқа ауданында 2 мектеп салынды. Биыл қалада тағы 11 мектеп салынады. Бұл жерде 20 мыңнан астам оқушы оқи алады, – деді ол.

Әкім барлық мектептерді мемлекет бюджетінен салу мүмкін емес екенін, сол үшін мектептерді салуға жекеменшік инвестициялардың тартылып жатқанын ескертті.