Ресейді айналып өтетін жолдың жобасы әзірленіп жатыр
Енді оларды құрастырып, тезірек іске қосу керек
Қазір Транскаспий бағыты бойынша мұнай тасымалдауға арналған жаңа танкерлердің жобасы әзірленіп жатыр.
Бұл туралы baq.kz-ке берген сұхбатында «Қазтеңізкөлікфлоты» ЖШС директорының орынбасары Сәкен Сағатұлы айтты.
Оның айтуынша, 2019 жылдың сәуір айында «Ақтау-Баку-Ақтау» бағыты бойынша контейнерлік желі іске қосылды. «Қазтеңізкөлікфлоты» Ұлттық теңіз тасымалдаушы ретінде осы жолдың теңіз операторы. Бұл контейнерлік желіні іске қосқан кезде компания орташа бір жүк кемесімен жұмыс істеді. Бұл бағыттың болашағы зор екенін ескере отырып, 2021 жылдың наурыз айында «Қазтеңізкөлікфлоты» 350 контейнерлік сыйымдылығы бар тұңғыш қазақстандық «Барыс» контейнерлік кемесін іске қосты. Ал қазір жыл басынаен бері халықаралық аренада болып жатқан геосаяси оқиғалар бұл бағытқа қызығушылықты арттыра түсірді.
Осыған байланысты «Қазтеңізкөлікфлоты» компаниясы контейнерлік кемелерге арналған тағы екі кемені жасауды бастады. Бұл жоспарымыз бойынша осы жылдың соңына дейін қосымша тағы екі контейнерлік кемені пайдалануға береміз. Мұның бәрі жалпы тауарларды тасымалдауға қатысты атқарылып жатқан шаралар. Бұған қоса, Транскаспий бағыты бойынша мұнай тасымалдауға арналған жаңа танкерлердің жобасын әзірлеп жатырмыз. Енді оларды құрастырып, тезірек іске қосу керек, – деді Сәкен Сағатұлы.
Ол қазіргі күні транзиттік жүктерден гөрі отандық тауарларды көбірек экспортқа, шетелге сатылып жатқанын атап өтті.
Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін дамыту жөнінде өткен кеңесте бірқатар нақты тапсырмалар берген болатын. Атап айтқанда, ол жүк жеткізетін балама бағыттар мен тасымалдау ісін әртараптандыруды ұсынып, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына теміржол паркінің жұмысын жандандыруды, жолдарға күрделі жөндеуді жүктеді. Сондай-ақ ол Үкіметке порттарымызды Каспий теңізінің жетекші хабтарының біріне айналдыра отырып, теңіз флотын нығайтып, Ақтау портында контейнерлік хаб құруды тапсырған еді.