Қапшағайда Үндістанның тағы бір студенті суға кетті
Бұған дейін екі үнді жігіті қаза тапқан болатын
7 шілде күні Қапшағай су қоймасында Үндістаннан келген студент суға батып кетті.
Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің студенті, 23 жастағы Үндістан азаматы күндізгі сағат 14.50 шамасында су қоймасында батып кеткен.
Алматыдан келген бір топ студент су қоймасы жағасында жүзіп жүрген. Олар жағадан алыс жүзіп, құтқарушылардың ескертуін елемеген. Сол кезде студенттердің бірі басқалардан бөлек жүзіп, суға батып кетті, – деді ведомство өкілдері tengrinews.kz-ке берген мәліметте.
Студенттің денесін облыстық ТЖД құтқарушылары тауып алып шықты.
Бұған дейін маусым айының соңында Түркістан облысының Ақсу шатқалындағы су қоймасында Үндістаннан келіп, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында оқып жатқан екі студент суға батып кеткен болатын.