«Кәсіби спортшы бола алмайсың». Wimbledon финалына шыққан Рыбакина туралы қызық деректер

Дәурен Ерболат

Мәскеуде туып, Қазақстанда жұлдызы жанған теннисші жайлы

Фотолар: wtatennis.com, Olympic.kz, Getty Images

Кеше әлемдік рейтингте 23-орында тұрған Елена Рыбакина Лондонда өтіп жатқан Wimbledon турнирінің ақтық сынына шықты. Осыған дейін бірде-бір қазақстандық теннисші Grand Slam жарыстарының жекелей сынында финалға шықпаған. Halyq Unі тілшісі отандасымыздың өмірбаянына шолу жасап көрді. 

Елена Рыбакина 1999 жылы 17 маусымда Ресей астанасы Мәскеуде дүниеге келген.

Ол әпкесі Аннамен бірге гимнастика және мұзда мәнерлеп сырғанаумен айланысқан. Елена алғаш рет қолына ракетканы 5 жасында ұстаған. Оның тенниске келуіне әкесі ықпал еткен.

Алғашында әпкелеріммен бірге гимнастика мен мәнерлеу сырғанауға барып жүрдім. Кейін жаттықтырушылар бойың ұзын, кәсіби спортшы бола алмайсың деді. Кейін әкем теннис кортына апарды да, «теннисті байқап көр» деді. Әкем теннисті жақсы көреді, - деп еске алады ол wtatennis.com сайтына берген сұқбатында.

АЛҒАШҚЫ ҚАДАМДАР

2013 жылы Елена Рыбакина бірінші рет Ресейдегі Всеволожск қаласында жасөспірімдер арасында өткен турнирге қатысты. Ол іріктеу матчтарында жеңіске жеткенімен, келесі айналымда қарсыласына есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалады. Келесі маусымда 15 жастағы теннисші Альметьевск пен Новокузнецкте өткен екі турнирде топ жарды.

2014 жылы ол шетелде алғашқы ойындарын өткізді. Түркияда өткен 2 турнирге қатысты. Сол жылы Елена Мәскеуде жас теннисшілер арасында өткен «Озеров кубогында» бағын сынап, финалға шықты. Бірақ онда Анна Блинковадан жеңіліп қалды.

Алайда Рыбакина бір жылдан соң аталған турнирде жеке және топтық сайыста жеңіске жетіп, «Озеров кубогын» иеленді.

КӘСІБИ СПОРТ

2016 жылы 17 жастағы Елена Рыбакина алғаш рет ересектер арасындағы халықаралық жарысқа Ресейдің атынан қатысты. Бірақ теннисші жасөспірімдер арасындағы турнирде де бағын сынады. Ол Хельсинкиде өткен ITF турнирінің финалына шығып, рейтинг ұпайына ие болады. Осылайша, ол жыл соңында әлемдік рейтингте 700-орынды иеленді. Жасөспірімдер арасында Рыбакина 4 турнирде топ жарды.

2017 жылы теннисші жасөспірімдер арасындағы Australian Open турниріне қатысып, ширек финалда қарсыласына жол берді.

Сондай-ақ Елена Roland Garros, US Open жарыстарына да қатысты. Бірақ мұнда да ширек финалдан аса алмады.

Сонымен қатар ол ересектер арасындағы турнирде де бағын сынайды. Рыбакина «Кремль кубогына» қатысып, іріктеу сайысында жеңіске жеткенімен, кейін румыниялық Ирина-Камелия Бегуге есе жіберді. Жылдың соңында Елена әлемдік рейтингте 425-орынға көтерілді.

ҚАЗАҚСТАНҒА ҚОНЫС АУДАРУ

2018 жылы Ресейде туып өскен Елена Рыбакина Қазақстан азаматтығын алды. Бұл жағдайға қатысты жанкүйерлер арасында әртүрлі пікір бар. Бірі оны ресейлік легионер ретінде қабылдаса, енді бірі халықаралық жарыстарда Қазақстан атын шығарып жүрген спортшы деген пікірде.

Бұл – үлкен жетістік. Алайда ол басқа елде туды, сол елде кәсіби спортшыға айналды. Сондықтан қазақстандық теннистің жетістігі деп көп сөз айтпай қояйық. Елена Рыбакина бізге ақша үшін келді. Бұл жаман да емес, жақсы да емес. Бұл – факт. Оны легионер ретінде қабылдау керек, - деп жазған еді журналист Михаил Козачков Telegram-дағы каналында.

ЖЕТІСТІКТЕРІ

2019 жылғы ақпанда Елена Лонсестондағы (Аустралия) ITF турнирінің жеңімпазы атанды. Сол жылы ол Румынияда өткен Bucharest Open жарысында 2020 жылы Аустралиядағы Hobart International турнирінде топ жарды.

Сонымен қатар Рыбакина екі рет WTA турнирінде жеңіске жеткен.

ОЛИМПИАДАДАҒЫ СӘТСІЗДІК ҺӘМ ЖЕТІСТІК

2021 жылы жазда Токио Олимпиадасында 22 жастағы теннисші Елена Рыбакина финалға шыға алмай, қолаға таласты. Бірақ ол украиналық Элина Свитолинадан жеңіліп, жүлдесіз қалды.

«Физикалық, психологиялық тұрғыдан ауыр матч болды. Дәл осылай жартылай финалда да жеңілдім. Үшінші орын үшін ойнау мен үшін үйреншікті емес. Бар ынта-жігерімді матчқа салуға тырыстым. Бір жағынан жартылай финалдағы жеңілісімнен соң, көп қолдау болғанына таңқалдым. Қатты қуандым. Бүгін барымды салдым, кішкене жетпей қалды», - деген еді теннисші Азаттық тілшісіне.

WIMBLEDON ФИНАЛЫ

Елена Рыбакина финалда тунистік 27 жастағы Онс Жабермен (әлемнің екінші ракеткасы) ойнайды. Финал сенбі, 9 шілдеде өтеді.

Қазақстандық теннисшінінің пікірінше, ойын өте қызықты және қиын болады.

Онс Жабер араб әйелдері арасынан және Солтүстік Африка елдерінен Grand Slam жарысына шыққан алғашқы теннисші болып саналады, ал 23 жастағы Елена Рыбакина – 2015 жылдан бері Wimbledon турнирінің финалына шыққан ең жас теннисші.