Қарағанды облысында жалғызбасты ана әкімдік берген үйден қуылып жатыр

Еркеғали Болатұлы

18 жыл бойы иесі іздемегендіктен, оның не маңызы бар екенін түсінбей отыр

фото: ашық дереккөз

Қарағанды облысында 2000-жылдары қараусыз қалған үйдің иелері сол үйде 18 жыл бойы тұрып келген жалғызбасты ананы далаға қуып шықты.

Айта кетсек, 2004 жылы жергілікті әкімдік пәтерге Елена Мицельді кіргізген. Осы уақыт ішінде әйел үйді ретке келтіріп, жөндеу жұмыстарын жүргізіп, салығын төлеп келген. Бұл туралы «Еуразия» бірінші арнасы хабарлады.

Елена Мицель ол үйге әкімдік ұсынған жалға алу келісімшарты бойынша кірген. Жуырда иесіз қалған үйді өз атына заңдыстырып алуға болатынын біліпті.

Пәтерді өз атыма рәсімдеп алайын дедім. Осында тұрып жатқаныма 18 жыл болды. Енді иесі пайда болды. Оның қайдан шыққанын білмеймін. 18 жыл бойы хабарласқан да, келген де емес. Шынымды айтсам, ол кісі Абайда жоқ деп ойлаппын, - дейді әйел.

Сот Еленаны қорғамады. Мұны ол үйге көшіп келмес бұрын иелерінен сатып алмақ болған деп түсіндірді. Елена да үй иесімен бір аулада тұрғанын жасырмайды. Алайда 18 жыл бойы иесі іздемегендіктен, оның не маңызы бар екенін түсінбей отыр.

«Біз оған 30 мың теңге көлемінде ақша бердік. Ол кезде пәтердің құны сондай еді. Ол бір апта ішінде бізге сенімхат әкеліп беруі керек еді. Сол арқылы анам пәтерді өз атына аударып алар еді. Болды, содан кейін жоғалып кетті», - дейді Елена Мицель.

Қазір пәтердің құны 200 есеге өскен. 2005 жылы қайтыс болған үй иесінің туыстары сондықтан да баспананы қайтарып алмақ.

Үй иесі. Ол тек ақшаға ие болу үшін мұрагерліктің 0011 куәлігін алған. Ал бұл пәтерге куәлік алмаған. Яғни, бұл пәтер ол заманда бұл кісіге керек болмаған, - дейді Елена Мицельдің адвокаты Татьяна Ермоленко.

Әкімдік ресми хатында үйдің иесіз екенін атап өткен. Алайда сот оны ескермеді.

«Сот мені үйден шығару туралы шешім шығарды. Осы аптаның ішінде босатуым керек. Ал қайда баратынымды тіпті білмеймін. Кіші қызым әлі білмейді. Ертең келеді, жылайтын болады. Бәріміз үшін шок болып отыр», - дейді Елена Мицель.

Ал пәтер жалдап тұруға оның жағдайы да жоқ екен.

Әкімдік көбінесе үй иесін жақтап отыр. Бірінші кезекте жалға алушының құқығын қорғауы керек еді. Бұл пәтерді бөліп берген өздері ғой. Арада 18 жыл өткен соң құқығын қорғамайтын болса, онда пәтерді несіне берген? - дейді адвокат.

Үй иелері пікір білдіруден бас тартқан. Ал әкімдіктегілер пәтер коммуналдық меншікке берілмеген деп отыр. Шағымданушыларды мұндай істерді тек сот шешеді деп шығарып салыпты.

Еленаны мемлекеттік баспана кезегіне тұрғызды. Алайда ол келгенше әйелдің барар жері жоқ. Сондықтан қазір оның қорғаушысы Жоғарғы сотқа кассациялық арыз даярлап жатыр.