Қазақстан Болон процесінің тең төрағасы болып сайланды

Дәурен Ерболат

Биыл 5 қазанда елордада BFUG кеңесінің отырысы өтеді

Фото: platon.asia

Еліміз бен Чехия Болон процесінің тең төрағасы болды, деп хабарлайды Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі.

Онлайн өткен отырысқа Франция және Әзербайжан білім министрліктерінің (шығушы тең төрағалар), Чехия мен Қазақстанның (ағымдағы тең төрағалары), сондай-ақ Албанияның (BFUG вице-төрағасы) өкілдері қатысты.

Шығушы тең төрағалары өткен жартыжылдықта атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, Болон процесін іске асыру тәжірибесімен алмасты.

Сондай-ақ қатысушылар 2022 жылғы екінші жартыжылдығына арналған BFUG (Болон процесін басқарудың атқарушы органы) 2021-2024 жылдары жұмыс жоспарының іс-шараларымен танысты.

Қазақстан Орталық Азия елдері арасында Болон процесінің қағидаттарын ілгерілетуге бағытталған іс-шаралар жоспарын ұсынды. Жоспар жаңа сын-қатерлер жағдайында жоғары білім беруді дамытудың жаңа үрдістерін енгізуді, университтердің автономиясын кеңейтуді, инновациялық және цифрлық экожүйені қалыптастыруды, сондай-ақ Орталық Азия білім беру хабын қалыптастыруды көздейді.

Қазақстан өңірдегі жоғары оқу орындарының ғылыми, зияткерлік және шығармашылық әлеуетін біріктіру үшін жоғары білімнің бірыңғай Орталық Азия кеңістігін құруға күш-жігерін жұмылдырады. Бұл жоғары оқу орындарының студенттері мен профессорлық-оқытушылық құрамына білім, тәжірибе алмасуға және бірлескен зерттеулерге қатысуға мүмкіндік береді, - деді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Биыл 5 қазанда Нұр-Сұлтанда BFUG кеңесінің отырысы өтеді. Онда Болон процесін дамытудың ағымдағы мәселелері талқыланады.

Еске салайық, 2014 жылы Қазақстан Грекиямен бірлесіп Болон процесінің тең төрағасы болған еді.

Болон процесі (Bologna Process) – жоғары білім беру стандарттары мен біліктілігінің сапа салыстырмалығын қамтамасыз етуге бағытталған министрліктер деңгейіндегі кездесулер. Процес шеңберінде жүргізілген білім беру жүйесінің реформалар Қазақстанда батыс елдерінің білім беру жүйелеріне ұқсас білім беру жүйесін құруға және білім саласындағы кедергілерді азайтуға мүмкіндік береді.