«Ресей бізді жеп отырған нанымыздан айырды» - журналист
Біздің мұнайдың құбыры Әзірбайжан, Түркіменстан мен Иран бағытына бұрылатын сияқты, дейді ол
Қазақстан мұнайының 80%-ы КТК мұнай құбыры арқылы экспортқа шығады. Ал Ресей соты құжаттық заң бұзушылықтар үшін «КТК-Р» компаниясының қызметін 30 тәулікке тоқтатқан болатын. Бұл қоғам белсенділерінің ашуын туғызды. Солардың бірі тәуелсіз журналист Оңғар Қабден Телеграм арнасына КТК құбыры туралы оқиғаға байланысты пікірін білдірді.
«Осы арқылы Қазақстан айына 500 миллион доллар табыс табатын. Ресейліктер бізді осы жеп отырған нанымыздан айырды. Онымен қоймай көлгірсіп ана Лавров дегендері Қазақстан біздің ең жақын досымыз дейтіндерін қайтерсің. Бұндай достың барынан жоғы. КТК құбыры бұл біздің жанды жеріміз. Содан болар бүгінгі жиналыста Тоқаев басты бағыт – Транскаспий бағыты депті. Жақында ғана Тоқаевтың Иранға сапар шегіп, артынан түркіменге табан тіреп Аркадагты орденмен марапаттап қайтқанын ескерсек болашақта біздің мұнайдың құбыры Әзірбайжан, Түркіменстан мен Иран бағытына бұрылатын сияқты», - деп жазды Оңғар Қабден.
Сондай-ақ, Тоқаевтың Теңіз жобасына инвесторлар тарту мүмкіндігі туралы ойына да пікірін қоса кетті.
«Бағана ғана «Қазмұнайгазға» реализацияны дұрыстап жүргізіңдер, Теңіз жобасына инвесторлар тарту мүмкіндігі бар деген сөзі орыстардың төбе шашын тік тұрғызды. Бұл деген сөз біз Ресей бағытындағы құбырды керек етпей басқа жақтан құбыр тартамыз деген намек. Ресей қит етсе краиникты жабамыз деп, айналасын да, Еуропаны да мезі қылып еді. Енді тезірек инвестор келіп, Транскаспий жобасын іске асырсақ екен. Ешкімге жалтақтамай өз мұнайымызға өзіміз еге болар едік. Батыстағы жұмыс іздеген ағайынның жұмыссыздық мәселесі де шешімін табар еді. Көрінген ит пен битке қор болған қазақтың мұнайы-ай», - деді ол.
Adyrna.kz