×

Әлемде жоқ тәжірибе. Қазақстанда киік ату науқаны 15 қыркүйекте басталады

Жануарлар құқығын қорғаушылар Үкіметтің шешімімен келіспей отыр

 Ая Өміртай 07.07.2022 | 21:51
Фото: Halyq Uni

Қазақстанда киік ату науқаны 15 қыркүйек пен 30 қараша аралығында жүргізілмек. Киіктерді жаппай ату арқылы санын реттеу әлем тәжірибесінде бұрын-соңды кездеспеген мысал. Мұны ЭГТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Нұрлан Қылышбаевтың өзі мойындайды.

Жануарлар құқығын қорғаушы белсенділер киік атудан өзге баламасы қарастырылуы тиіс екендігін алға тарса, фермерлер киік ату шарасының нәтижелі болатынына күмәнмен қарайды.

«Зоология институты 2022 жылға арналған киік санын реттеудің биологиялық негіздемесін ұсынды. Ғылыми қорытындыға сәйкес, киіктің Орал популяциясы санының күрт өсуіне байланысты киіктердің ауыл шаруашалығы дақылдарының егістік алқаптарына түсіп кеткендіктен санын реттеу қажеттігі туындап отыр. Мұндай жайттың Бетпақдала популяциясында да байқалатындығын атап өткен жөн», - деді ЭГТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Нұрлан Қылышбаев астанада өткен «Киік популяциясы санын реттеу» тақырыбындағы дөңгелек үстел барысында.

Комитет төрағасының айтуынша, биологиялық негіздемеге сәйкес, биыл киік санын реттеуде Орал популяциясының 10 пайызы қамтылмақ. Оның ішінде 5 пайызы аталық киік, 47,5 пайызы ұрғашы киік және 47,5 пайызы биылғы төлі реттелетін киік санына жатады. Сондай-ақ, биологиялық тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да ақбөкен популяциясын бақылаудың оңтайлы уақыты 15 қыркүйек пен 30 қараша аралығы. Өйткені дәл осы мезгілде киіктің төлдері енелерінен алшақтай бастайды.

Ал Қостанай мен Ақмола облыстарының аумағындағы Бетпақдала популияциясы үшін 2022 жылы есепке алынған санның 2,5 пайызын аулау ұсынылып отыр. Оның 5 пайызы аталық киік, 47,5 пайызын ұрғашы киік және 47,5 пайызын биылғы төлі. Киік санын биологиялық, сонымен қатар экономикалық тұрғыда реттеутің оңтайлы мерзімі 15 қыркүйектен бастап 30 қараша аралығына дейін, - деді комитет төрағасы.

Ал браконьерліктің өршуіне жол бермеу үшін киіктердің санын реттеуді уәкілетті органның мамандандырылған мемлекеттік ұйымы жүзеге асыруы қажет.

«Киік еті санитарлық-ветеринариялық бақылаудан өткеннен кейін қайта өңдеу үшін ет комбинаттарына әрі қарай өткізу үшін берілуі тиіс. Популяцияны реттеу кезінде алынған, сондай-ақ табиғи өлім-жітім нәтижесінде жиналған, браконьерлерден және кеденде тәркіленген ақбөкен мүйіздері міндетті түрде түгендеумен және таңбалануымен уәкілетті органның мамандандырылған ұйымында шоғырландырылуы тиіс. Әлем бойынша мұндай тәжірибе болған жоқ. Өйткені киіктердің 95 пайызы Қазақстан аумағында мекендейді. Сондықтан киіктер санын реттеу бойынша арнайы жұмыс тобы құрылды. Ал аулау бойынша аңшылар ассоциациясы көмегіне жүгінеміз. Негіздеме енді ғана келгендіктен, енді қарастырып жатырмыз», - деді Нұрлан Қылышбаев.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, браконьерліктің күшейіп кетуі мүмкін болғандықтан киіктерді әуесқой аңшылар ата алмайды. Киіктерді атумен арнайы мекеме –  «Охотзоопром» айналысады.

Ал киіктер санын реттеуге бюджеттен қаржы бөлінбейді.

«10-15 МЛН ТЕҢГЕ КӨЛЕМІНДЕ ШЫҒЫН ӘКЕЛДІ»

Ақмола облысынан келген шаруа Марат Қозыбаров Атбасар ауданында биыл жағдай ушығып тұрғанын жеткізді. Шаруаның айтуынша, киіктер биыл үшінші жыл жайлым алқаптарына түсіп, ірі көлемде зиян келтірген.

«Киіктер егінді басып, таптап кетті. Соңғы үш жылдан бері осы мәселе. Биыл жағдай өте жаман. Киік басы өсіп кеткендіктен, не істерімізді білмей отырмыз. Мотоцикл сатып алып, шөпті кезекпен күзетеміз. Басқа жұмысымыз жоқ, малмен, егінмен айналысамыз», - дейді фермер.

Марат Қозыбаров егіншілікпен айналысады. Биыл киіктер табыны егіннің 60 гектардай аумағын таптап кеткен.

«Бұл сұрақты ешкім шешпейді. Ақшалай шығын 10-15 млн теңге көлемінде болады. Егінді таптап кетті, оны ешкім өтемейді. Былтырдан бері министрлікке, барлық жерге жазып, көрсеттік. Алдыңғы жылы өз күшімізбен отыр едік, биыл тіптен шамамыз келмей кетті. Ал киіктерді ату мәселені шешпейді. Біз маманы болмағандықтан, қолдан келер қайран болмай тұр», - дейді Есенгелді ауылының тұрғыны Марат Қозыбаров.

Батыс Қазақстан облысының Ресеймен шектесетін Жәнібек ауданында тұратын фермер Бауыржан Сабанов та егіннің 40 гектар аумағын киіктер таптап кеткенін айтып шағымданды. Ол «киікпен күресуге» кеткен шығынның орнын толтыруға көмектесуін сұрап отыр.

«БҰЛ – ЭКОЖҮЙЕДЕГІ АУЫТҚУ»

Жиынға арнайы қатысқан экобелсенді Лаура Мәлікованың айтуынша, киіктер санын қолдан реттеу шаруалардың мәселесін қысқа уақытта шешуге септескенмен, мәселені түбегейлі реттей алмайды. Ол мұның себебін табиғи тепе-теңдіктің бұзылуынан деп біледі.

«Әрине, киіктің жалпы санының 10 пайызын реттеу мәселені түбегейлі шешпейді. Мемлекеттік реттеуде заң бойынша аңшылық әдіс қолданылады. Дамыған елдерде табиғи реттеу әдісі басшылыққа алынған. Мәселен, елімізде соңғы жылдары қасқыр саны күрт төмендеп кетті. Өйткені аңшылар да, шаруалар да қасқырларды атып, видеосын да таратып жатты. Экологиялық жүйеде жыртқыштардың төмендеп кетуінен, табиғи тепе-теңдік бұзылып, тұяқтылар саны артып отыр. Қарапайым түсіндірсек, бұл – экожүйедегі ауытқу. Сондықтан киіктерді атқанна гөрі, табиғи жүйеде өзі реттеп отыратын әдіске ден қойғанымыз жөн. Соның қасқыр аулауға тыйым салу керек», - деп атап өтті «Тәжірибелік экологтар қауымдастығы» төрайымы Лаура Мәлікова.

Табиғат жанашыры аталған мәселенің кешенді екендігін, сондықтан жан-жақты талқы қажеттігін атады.

«Институт ұсынған негіздемені әлі көрген жоқпыз. Егіншілер мен шаруалардың жарасын қысқа уақытта жеңілдету үшін шара керек те шығар. Бірақ мәселені шешетін жол емес. Киіктердің миграция жолының бұзылуынан киіктердің көші бір орында қалып қалған. Мұндай жиынға жол-көлік логистикасына жауапты министрлік те қатысуы міндетті. Аңшылар қауымдастығы тарапынан да қысым бар. Олардың басты мақсаты бизнес болғандықтан, әр киіктің басына квота алғысы келеді. Жан-жақтан мүдделер қақтығысы деуге болады», - деді Лаура Мәлікова.

ҚАЗАҚСТАНДА БІР ДЕ БІР ЭКОКӨПІР САЛЫНБАҒАН

Ал  тәуелсіз экологиялық белсенді Сәкен Ділдахмет Үкіметтің шешімін мүлде орынсыз екендігін, керісінше мекен ететін ортасын қайтарып беруі қажеттігін айтады.

Соңғы 10 жыл ішінде киіктердің мекен ететін ортасы қысқарып, ауылшаруашылық мақсатта беріліп кетті. Басты мәселе – жол. Мысалы, темір жол киіктер көшетін миграциялық жолдардың барлығын жауып тастады. Жауапты мемлекеттік орган жабайы жануарлардың еркін көшіп-қонуы үшін арнайы экокөпірлер салған жоқ. Өкінішке қарай, Қазақстанда бір де бір экокөпір жоқ. Осы себепті жануарлар дүниесі үлкен мәселеге тап болып отыр. Қазақстанда осы миграциялық жолдар ашылатын болса, киік оңтүстікке дейін барады, - деген ол Үкімет тиісті ревизия жүргізіп, миграциялық жолдарды қалыпқа келтіру қажет деп санайтындығын жеткізді. Осы арқылы Қазақстанда 10 облысты қамтитын киіктердің миграциялық жолы еркін ашылуы тиіс.

МИНИСТРЛІКТІҢ КИІКТЕР БОЙЫНША АРНАУЛЫ БАҒДАРЛАМАСЫ ЖОҚ

Тиісті министрлікке негіздеме ұсынған Зоология институты мамандары киікті санын реттеуде атудан бөлек нұсқалар да бар екендігін, бұл тарапта ғалымдарға қолдау қажеттігін айтып отыр. Мамандардың айтуынша, Қазақстанда киіктерді аулауды ұйымдастырудан бастап, нарықта пайдалануға дейін кәсіптік аулаудың нақты тетіктері жоқ.

Зоология институтының зертхана меңгерушісі Алексей Грачев институт мамандары киіктерді аулауға қолданыстағы тыйымды 2025 жылға дейін ұзартуды ұсынғанын айтады.

«Киіктерді атуға қазіргі тыйым салуды 2025 жылға дейін ұзарту қажет. Ал киіктерге қатысты мәселеге орай 2022 жылы тәжірибелік негізде уәкілетті органның мамандандырылған ұйымы киіктердің санын реттеуді жүзеге асыруын ұсынамыз. Бұдан киіктердің жалпы популяциясына айтарлықтай қауіп төнбейді. Киік санын реттеу биыл тәжірибе ретінде қолға алынады. Келесі жылы жаңа ғылыми биологиялық зерттеу әзірленеді. Киік санын реттеу ары қарай жалғаса ма сонда белгілі болады», - деген ол ғалымдарға қаржылық тұрғыда қолдау керектігін атады. Сондай-ақ, жоғалған көші-қон жолдарын қалпына келтіру, қиылысатын жолдарды анықтау, спутниктік таңбаланған киіктерді анықтау қажет.

Бұл ретте киік популяциясының биологиялық жағдайына зерттеу жүргізу, популяциясын басқаруды жақсарту бойынша ұсыныстарды әзірлеу мақсатында зоологтар мен ветеринар мамандарының ғылыми қолдауы өте маңызды.

Оңтайлы санын анықтау үшін ғылыми зерттеу жүргізген жоқпыз, яғни мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлу жоспарланып отыр. Осындай ғылыми зерттеулерден кейін популяцияны өндірудің қандай деңгейде, көлемі мүмкін екенін айта аламыз. Бұл үшін нақты ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу керек. Түрлі нұсқалар қарастырылады, әрине. Мұндай тәжірибе Қазақстанда болған жоқ, енгізілуі тиіс. Кеңестік дәуірде Зоология институты киіктердің мәселесін зерттеумен белсенді айналысты. Соңғы он жылдан бері Білім министрлігінің киіктер бойынша арнаулы бағдарламасы жоқ. Бұдан басқа Зология институты жыл сайын киік басы санағына қатысатын, 2013 жылдан бері мемлекеттік сатып алу бойынша тендерді ұтып алған мекеме киік басын санайды. Өкінішке қарай, Зоология иниститутына тендер ұтып ала бермегендіктен, киіктер санағына қатыса алмайды. Ал ғылыми зерттеу жұмыстарына қаржы бөлінсе, ғалымдар жұмыс істейді. Өзім Зоология институтында он шақты жылдан бері жұмыс істеп келемін, - дейді Алексей Грачев.

Айта кетелік, Қазақстанда 1 млн 318 мың киік бар. Оның ішінде Орал облысында – 801 мың бас, Бетпақдалада – 489 мың бас, Үстірт түрінің саны әлі де төмен, небәрі – 28 мың бас.

Жалпы киік басының өсу қарқыны айтарлықтай жоғары, орта есеппен жылына шамамен 40%-ға артып отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама