Шымкент қаласында бесінші аудан құрылады
Жаңадан құрылатын ауданға қандай атау берілетіні әлі белгісіз
Шымкент қалалық мәслихатының кезектен тыс сессиясында депутаттар «Шымкентте бесінші аудан құру туралы» ұсынысты бір ауыздан қолдап дауыс берді. Жаңадан құрылатын ауданның аумағы 36 мың гектарды құраса, ондағы тұрғындар саны шамамен 200 мыңнан асады.
Жаңадан құрылатын ауданға қандай атау берілетіні әлі белгісіз. Қалалық мәслихаттың келесі сессиясында жаңа аудан құру туралы мәселе Республикалық ономастика комиссиясының қарауына ұсынылады.
Еске салайық, Шымкент қаласында қазір Қаратау, Еңбекші, Әл-Фараби, Абай аудандарының әкімдіктері бар.
Шаһардағы демографиялық өсім жоғары, қала тұрғындарының саны жыл сайын 2,5-3 пайызға дейін көбейіп келеді. Оның үстіне Шымкент республикалық маңызға ие қалалар арасында аумағының кеңдігі жағынан бірінші орында тұр. Қалаға кейіннен қосылған ауыл типтес 41 елді мекен бар. Бұл шағынаудандар мен тұрғын алаптарды дамыту – кезек күттірмейтін мәселе. Бесінші ауданды құру қаланы басқаруды жетілдіріп, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыруға септігін тигізеді, деді әкімдік қызметкерлері.
Айта кетейік, Шымкент қаласы 2018 жылдың 1 маусымында Қазақстанның үшінші мегаполисі атанды.