Қазақстандық блокчейн-технологиялар қауымдастығы Paxaro Labs компаниясымен меморандумға қол қойды

Ербол Тұрымбет

Қазақстанда 324 мыңнан астам азамат криптовалютаға иелік етеді

фото: kabt.kz

Қазақстандық блокчейн-технологиялары қауымдастығының басқарма төрағасы Сапар Ахметов пен Paxaro Labs компаниясының тең құрылтайшысы Асхат Бекмағамбетов Орталық Азиядағы Web3 & Blockchain индустриясын дамыту бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Тараптар өзара ынтымақтастықтың бірқатар бағыттарын белгіледі, соның ішінде таратылған тізілім технологиясына негізделген өнімдер туралы халықты ақпараттандыру және елдің жоғары оқу орындарында Paxaro Labs білім беру бағдарламасын интеграциялау бойынша бірлескен жұмыстар кіреді.

«Paxaro Labs-пен меморандумға қол қою – елдің криптоиндустриясын дамыту бойынша бірлескен жұмысты күшейтудің қисынды қадамы. Азаматтардың білімі мен жастарды оқыту еліміздің адами капиталының дамуына және білікті мамандардың өсуіне ықпал етеді. Бұл саланы дамытудың әлеуеті мен қажеттілігін Мемлекет басшысы мен Үкіметтің ерекше көңіл бөлуі растайды», - деді қауымдастық басшысы Сапар Ахметов.

Қол қойылған меморандум аясында жастардың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында еліміздің жоғары оқу орындарымен өзара іс-қимыл жасау жоспарлануда. Халықаралық аналитикалық компаниялардың соңғы мәліметтері бойынша, Қазақстанда 324 мыңнан астам азамат криптовалютаға иелік етеді. «Астана» халықаралық қаржы орталығының базасында крипто биржаларының жұмыс істеуі бойынша пилоттық жобаның іске қосылуы азаматтарға цифрлық активтерді заңды түрде сатып алуға, сақтауға және сатуға мүмкіндік берді.

«Бүкіл әлемде криптовалюталардың жаппай қабылдануы қоғамның жаңа саланы байсалды және дұрыс қабылдауы үшін сарапшылардың бірлескен күш-жігерін талап етеді. Осыған байланысты Меморандумға қол қою арқылы Қазақстандық блокчейн-технологиялар қауымдастығымен серіктестікті нығайту Қазақстандағы саланы дамыту бойынша күш-жігерді біріктіру үшін маңызды оқиға болып табылады», - Paxaro Labs басшысы Асхат Бекмағамбетов.

Меморандум нәтижесінде Қазақстандағы криптоиндустрияны дамытуға ықпал ететін келісілген іс-қимылдар бойынша Жол картасы іске қосылады.