×

Сарыағаш ауданында шенеунік журналисті өлтірту үшін 5 млн теңгеге киллер жалдаған

Осы қылмысқа қатысы бар 5 күдікті ұсталды

скриншот: видео

Биыл 3 қаңтарда әлеуметтік желілер мен БАҚ-та Сарыағаш ауданындағы белгілі журналистің үйіне шабуыл жасалып, оның баласы жарақат алғаны туралы ақпарат тараған болатын.

Сол күні полиция қызметкерлері бұл жайтты аудандық полиция бөлімінде тіркеп, ҚР Қылмыстық кодексінің 24-99-баптары (адам өлтіруге оқталу) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Облыстық полицияның үздік жедел уәкілдері мен тергеушілері ауыр қылмысты ашуға бағытталды.

Жасалған қылмыс туралы ақпаратты алған соң қылмыс орнына облыстық криминалдық полицияның кәсіби қызметкерлері мен тергеушілер тобы жіберілген.

Полиция өкілдері барған кезде белгісіз біреулердің журналистің үйіне автокөлікпен барып, терезеден оқ атып, қашып кеткені анықталған. Нәтижесінде үй иесінің ұлы жарақат алған.

Қылмысты ашуда біз бірқатар нұсқаларды негізге алдық, оның бірі – осы қылмыстың журналистің кәсіби қызметіне байланысты болуы мүмкіндігі. Кейіннен дәл осы нұсқамыз расталды. Бұл қылмысты ізін суытпай ашуда оқиға болған уақытта куәгерлердің болмауы да өзіндік қиындық туғызды.

Десе де жедел іздестіру барысында осы оқиғаға қатысы бар Шымкент қаласының екі жас тұрғыны тұрғылықты жері бойынша ұсталды. Олар оқ атып, оқиға орнынан қашып кеткен. Содан кейін полиция қызметкерлері делдалдар мен қылмысты тапсырыс берушілерге шықты. Бүгінгі таңда біз осы қылмысқа қатысы бар 5 күдіктіні ұстадық. Заттай айғақ ретінде олардан ВАЗ (2107/21110) маркалы 2 автокөлік тәркіленді. Қылмысты орындаушылар бұл автокөліктерді қылмысты жасағандары үшін алған ақшаға сатып алған. Сондай-ақ олардан 16 калибрлі патрондар алынды, - деді Түркістан облысы ПД бастығы полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков.

Қазір Сарыағаш ауданы тұрғындарының бірі, яғни шенеуніктің осы қылмысқа тапсырыс бергені анықталды. Ол журналистің өмірін 5 000 000 теңгеге бағалаған.

Ал орындаушылар іздерін жасыру мақсатында тапсырысты орындап, Сарыағаш ауданынан Шардараға, содан соң Арыс арқылы Шымкентке жеткен. Сот оларды қамауға алуға санкция беріп, күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама