Қазақстан мұнайы кедергіге қарамастан сатылып жатыр

Дастан Жұмабекұлы

Қара алтын штаттық режимде экспортқа шықты

фото: qazaqtimes.com

Қазақстан мұнайы Каспий құбыр консорциумы арқылы штаттық режимде экспортталып жатыр.

Бұл туралы Энергетика министрлігінің мәліметіне сілтеме жасап Қазақпарат хабарлады.

«Каспий құбыр консорциумы» акционерлік қоғамы («ҚҚК-Р» АҚ) бұған дейін хабарлағандай, Новороссийск қаласы Приморск аудандық соты судьясының 2022 жылғы 5 шілдедегі қаулысымен «ҚҚК-Р» АҚ қызметін 30 тәулікке тоқтату туралы шешім шығарды. Өндірістік процестің үздіксіз циклын ескере отырып, «ҚҚК-Р» АҚ судья қаулысының орындалуын тоқтата тұру туралы өтінішхатпен сотқа жүгінді, –  деп хабарлады ведомствода.

Қолда бар мәліметке қарағанда, консорциум қазірдің өзінде Ространснадзордың ұйғарымында көрсетілген құжаттық бұзушылықтарды жою үшін Ресей Федерациясының тиісті мемлекеттік органдарымен және ведомстволарымен жұмыс істеп жатыр.

Қазіргі кезде Қазақстан мұнайды «КҚК-Р» АҚ құбыр жүйесі арқылы экспорттау штаттық режимде жүзеге асып жатыр, – делінген министрліктің хабарламасында.

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін дамыту жөнінде өткен кеңесте жүк жеткізетін балама бағыттар мен тасымалдау ісін әртараптандыруды ұсынып, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына теміржол паркінің жұмысын жандандыруды, жолдарға күрделі жөндеуді жүктеді. Сондай-ақ ол Үкіметке порттарымызды Каспий теңізінің жетекші хабтарының біріне айналдыра отырып, теңіз флотын нығайтып, Ақтау портында контейнерлік хаб құруды тапсырды.