Halyq Uni логотип
×

Ресей соты Каспий құбыр консорциумының жұмысын тоқтатты: компания мәлімдеме жасады

Қазір консорциум Новороссийск сотының шешімін орындауды тоқтата тұруды сұрап отыр

 Қанат Атаманов 06.07.2022 | 19:30
Ресей соты Каспий құбыр консорциумының жұмысын тоқтатты: компания мәлімдеме жасады
Фото: ашық дереккөздерден

Биыл наурыз айының соңында Ресей Каспий құбыр консорциумы («КҚК») құбырының зақымданғанын алға тартып, жұмысын шектеген еді.  Арада көп уақыт өтпестен тағы бір мәселенің шеті шықты. Бұл жол Ресей тарапы өндірістік нысандарда экологиялық бұзушылықтар анықталды деген «желеумен» құбыр қызметін 30 күнге тоқтатты.

6 шілдеде Каспий құбыр консорциумы экологиялық заң бұзушылықтар анықталғаннан кейін Новороссийск соты компанияның жұмысын бір айға тоқтату туралы шешім қабылдағанын және компания бұл шешімге қарсы шағымданатынын хабарлады.

«КҚК-Р» АҚ Новороссийск қаласының Приморск аудандық сотына 5-1188/2022 ісі бойынша «КҚК-Р» АҚ қызметін әкімшілік негізде уақытша тоқтату туралы судьяның 2022 жылғы 5 шілдедегі қаулысын орындауды тоқтата тұру туралы талапарыз жолдады, - деп хабарлады компаниядағылар.

Компания қаулыға қатысты шағымды қарау нәтижесі бойынша шығарылатын сот актісі заңды күшіне енгенге дейін уақыт беруді сұраған.

КҚК пікірінше, компанияның жұмысын күрт тоқтату өндіріс процесі үшін реттелмейтін салдарға, техникалық нысанда қолайсыз және басқарылмайтын процестің туындауына және өршуіне, оның ішінде оның бұзылуына әкелуі мүмкін. Себебі мұнайды тасымалдауға қойылатын талаптар аяқ асты және бір уақытта тоқтатуға мүмкіндік бермейді.

Сонымен қатар заң өндіріс процесі үшін қайтымсыз зардаптарға әкелуі мүмкін шараларды қолдануға жол бермейді.

Еске салсақ, Ространснадзордың Оңтүстік УГРН-ы Приморский аудандық сотына консорциум қызметін 90 күнге тоқтата тұру туралы өтінішпен жүгінген. Сот Ространснадзордың талаптарын ішінара қанағаттандырды. «КҚК-Р» АҚ қызметін 30 тәулікке әкімшілік тоқтата тұру түрінде жаза тағайындалды.

Каспий құбыр консорциумы сот шешімін орындауға мәжбүр. Алайда, оның үстінен шағым түсіруге ниетті. Консорциумның баспасөз қызметі уақытша тоқтату мерзіміне қатысты түсініктеме беруден бас тартты.

Біз бұған дейін Ресей соты Каспий құбырының қызметін бір айға тоқтатқанын жазған болатынбыз.

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама