Қажырлы қайраткер, сырбаз ақын Садықбек Хангелдиннің құрметіне мемориал тақта орнатылды
Ақын 2014 жылдың маусымында дүниеден озды
1 шілдеде Алматыда мемлекет және қоғам қайраткері, ақын-жазушы Садықбек Хангелдиннің құрметіне марқұм тұрған үйге мемориалдық тақта орнатылды.
Іс-шараға марқұмның отбасы мен жолдастары қатысып, естелігін айтты. Одан бөлек, ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы драматург Сұлтанәлі Балғабаев, экс-депутат Әбдіжәлел Бәкір, Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып сөз сөйледі.
Садықбекпен 50 жылдан бері доспын, жолдаспын. Әлі де Садықбекті ылғи еске алып отырамын. Көп жолдастары өмірден кетті. Бірақ Садықбек бүгінгі күнге дейін тірі адамдай, қасымда жүргендей сезінемін. Үйіне қойылған тақта «Жәлел келдің бе, аман-есенсің бе?» деп сәлем беріп тұратындай, – деді саяси ғылымдарының докторы, профессор Әбдіжәлел Бәкір.
Садықбек Молдашұлы – 13 поэзиялық, 8 публицистикалық кітаптың авторы. Оның сүбелі туындылары еліміздің БАҚ мен республикалық басылымдарда жарияланып тұрған.
Хангелді Садықбек (Сахан Молдаш) 1937 жылы 12 сәуірде Қызылорда қаласының іргесіндегі Тереңсай ауылында дүниеге келген.
1961 жылы Қызылорда педагогикалық институтын бітірген. 1969 жылы Алматы жоғары партия мектебін тәмамдады. Еңбек жолын 1955 жылы Қызылорда локомотив депосында қатардағы жұмысшы болып бастаған. 1959 жылдан Қызылорда облыстық радиосының дикторы. Бұл жұмысты студент кезінде қатар алып жүрген. 1962 жылдан комсомол қызметінде: Қызылорда облыстық комсомол комитетінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісі, идеология жөніндегі хатшысы, Қызылорда қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Қазақстан комсомолы Орталық комитетінің насихат және мәдени-бұқаралық жұмыстар бөлімінің меңгерушісі болды. 1974 жылдан Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ұйымдастыру-партиялық жұмыстар бөлімінің нұсқаушысы, кейін осы бөлімнің кадр даярлау секторының меңгерушісі болды. 1979 жылдан Қазақ КСР халықтық бақылау комитетінің ғылым-білім және мәдениет бөлімі меңгерушісінің орынбасары, бөлім меңгерушісі, 1991 жылдан Қазақстан мемлекеттік телерадио комитеті кадр басқармасының бастығы, Алматы облыстық және қалалық радиосының бас редакторы, 1993 жылдан Қазақстан Республикасы Министрлер кабинеті жанындағы Мемлекеттік қаржы бақылау комитеті кадр басқармасының бастығы қызметтерін атқарды. 1997 жылдан зейнеткер.
Бірнеше медальмен, Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
Шығармалары: Пернелер. Тұңғыш кітап. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1967; Шапақты шақ. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1973; Уақыт сазы. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1982; Күтемін сені. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1984; Сенім. Өлеңдер. А., «Жалын», 1985; Ағынды арна. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1986; Жер жүзіне нұр шашқан. Топтама. А., «Жалын», 1987; Аңсаған әнім. Өлеңдер. «Алатау», 1997; Жанартау жүрек. Таңдамалы. «Алатау», 1998; Алақан. «Фолиант», 2004; Құбыла. «Дала», 2006; Сұлу Сырдың сырғасы. «Фолиант», 2007; Алқа. «Ана тілі», 2008; Қоңыр күз. «Дәуір», 2008.