Украинаның қазіргі сиқын қайта қалпына келтіруге 750 млрд доллар кетеді

Еркеғали Болатұлы

Бұл жұмысқа Ресей олигархтары мен мемлекетінің шетелде бұғатталған 300-500 миллиард доллар қаражаты тәркіленіп, жұмсалуы керек

фото: ЕРА

Украинаның премьер-министрі Денис Шмыгал Швейцарияның Лугано қаласында өткен конференцияда елді қайта қалпына келтіруге 750 миллиард доллар қажет екенін мәлімдеді.

Оның айтуынша, мемлекетті қайта құру жоспары үш фазадан тұрады. Біріншісі – елге өте қажетті сумен қамтамасыз ету жүйесін жөндеу, екіншісі – соғыс аяқталысымен тұрғын үйлерді, мектептерді, ауруханаларды «жылдам қалпына келтіру», үшіншісі – Украинаның ұзақ мерзімдік дамуына қажетті жобаларды жүзеге асыру.

Денис Шмыгал бұл жұмысқа Ресей олигархтары мен мемлекетінің шетелде бұғатталған 300-500 миллиард доллар қаражаты тәркіленіп, жұмсалуы керек деген пікірде.

Айта кетсек, Украина әскері қазір Донбасстағы Донецк облысының қалаларын қорғауға әзірленіп жатыр. Өйткені Луганск аймағын толық басып алған Ресей әскері осы өңірдегі елді мекендерді жаулауға кріспек. Сонымен қатар, украиналықтар оңтүстікте қарымта шабуылға кірісіп, Херсондағы территорияларды қайтара бастады.

Жалпы, Луганск облысы үшін шайқас 90 күнге созылып, онда Украина қарулы күштері ғана емес, ресейліктер де үлкен шығынға ұшыраған еді.