«Жібек жолы» кемесіне байланысты Қазақстанға санкция салына ма?

Дәурен Ерболат

Қазақстандық кемені ресейлік компания жалға алып, Украина астығын тасымалдаған

фото: ашық дереккөз

Түркиядағы қазақстандық «Жібек жолы» кемесі заң бұзған жоқ. Сондықтан оны жалға берудің салдары болмайды. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Бұл компанияның не тасығанын енді біліп жатырмыз. Бұл жағдайға байланысты Қазақстанға санкция салу мәселесіне Сыртқы істер министрлігі жауап береді. Бірақ Қазақстан ешқандай заңды бұзған жоқ, - деді Қайырбек Өскенбаев Үкімет кулуарында.

Оның пікірінше, қазақстандық «Жібек жолы» кемесін жалға берудің салдары болмайды.

«Себебі біз кемені жалға бергенде кәсіпкер санкцияда болса, оған қандай да бір шектеу салынса, «Неге кемені жалға бердіңдер?» деп айтар еді. Бірақ ресейлік компанияға қатысты ешбір шектеу болмаған. Сондықтан кеме заңды түрде компанияға жалға берілген. Оны жалға алған тараптан заңбұзушылық болса, онда біз де тиісті шараны қабылдаймыз. Қазір Түркия немесе Украина тиісті жұмысты жүргізіп жатыр», - деді Қайырбек Өскенбаев.

Еске салайық, осыған дейін министр Қазақстан «Жібек жолы» кемесін жалға алған ресейлік компаниямен келісімшартты бұзуы мүмкін екенін айтқан еді.