Қазақстан «Жібек жолы» кемесін жалға алған ресейлік компаниямен келісімшартты бұзуы мүмкін – министр
Жалға алушының қызметі тексеріліп жатыр
Қазақстан «Жібек жолы» кемесін жалға алған ресейлік компаниямен келісімшартты бұзуы мүмкін. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Үкімет кулуарында айтты.
Біз кемені жалға бердік. Қазір кемеге жалға алушы жауапты. Жалға беру кезінде қойылған бірқатар шектеулер бар. Егер кеме Қазақстанда және халықаралық деңгейде қабылданған құқықтық нормаларға сәйкес келмейтін қызметпен айналысса, әрине, ондай келісімшарт бұзылып, кеме кері қайтарып алынады, – деді Қайырбек Өскенбаев.
Еске сала кетсек, Украина қазақстандық «Жібек жолы» кемесін тұтқындауды талап етткенін жаздық. Сонымен бірге «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы қазақстандық «Жібек жолы» кемесімен Украинадан астық экспортталып жатқанына қатысты пікір білдірді.