Halyq Uni логотип
×

Қазақстанда 613 мыңнан астам адам үй кезегінде тұр

Оның ішінде 70 мың адамның тұрмысы төмен

 Дәурен Ерболат 05.07.2022 | 10:27
Қазақстанда 613 мыңнан астам адам үй кезегінде тұр
көрнекі фото: Halyq Uni

Елімізде 613 мыңнан аса адам әкімдіктерде үй кезегінде тұр. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

«Бүгінде әкімдіктерде тұрғын үйге мұқтаж 613 мыңнан астам азамат кезекте тұрса, 222 мыңы әлеуметтік осал санаттағы адамдар. Оның ішінде табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмендері - 70 мың, көпбалалы отбасылар – 51 мың, жетім балалар - 2 мың, І, ІІ топтағы мүгедектер - 10 мың және мүгедек баласы бар отбасылар - 7 мың», - деді министр Үкімет отырысында.

Министрдің айтуынша, жеке тұрғын үй қорында тұрғын үйді жалға алғаны үшін тұрғын үй төлемдерінің тетігі әзірленген.

Отбасы банкі базасында цифрлық платформа іске қосылды. Бүгінде 25 мыңнан астам өтінім қабылданып, оның 6 мыңға жуығы мақұлданды, - деді Қайырбек Өскенбаев.

Ол атаулы әлеуметтік көмек қағидаты бойынша тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету көзделгенін атап өтті.

«50% мемлекеттік субсидиялар есебінен жабылады, ал қалған 50% алушы өз бетінше төлейді. Жалдау төлем мөлшерінің 50%-ын өтеу, республикалық бюджеттен 80%-ы және жергілікті бюджеттен 20%-ы пропорциясында жабылады. Республикалық бюджеттен 40 млрд теңге мөлшерінде қажет қаражат көзделген. Бүгінде «Отбасы банкке» 3 млрд теңге аударылды. Өңірлердегі мәслихат қажет 10 млрд теңгенің жергілікті бюджет шығыстары есебінен 3,7 млрд теңгесін бекітті», - деді министр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама