×

Атырау университетінде тергеу басталды

Тергеу 10 маусымда басталған

 Айнұр Асылбекқызы 04.07.2022 | 18:28
фото: atr.kz

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті аймақта жоғары білім беру (бакалавриат) қызметтері нарығында бәсекелестіктің жай-күйін талдап, бағалау жүргізді.

Осының нәтижесінде, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті аймақ нарығында 70%-дан астам үлесімен үстемдікке ие екендігі анықталды. Аталған жоғары оқу орнында «Стандарттау, метрология және сертификаттау», «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету», «Ақпараттық жүйелер» және басқа да бірқатар мамандықтар бойынша оқу құны Атырау инженерлік-гуманитарлық институты, Сафи Өтебаев атындағы Атырау Мұнай және газ университетіндегі ұқсас мамандықтарға қарағанда 35-60%-ға жоғары екені анықталды.

Осыны қаперге алған өңірлік монополияға қарсы департамент өкілдері Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетіне қатысты 2022 жылдың 10 маусымында монополиялық жоғары баға белгілеп, ұстап тұрғаны үшін тергеп-тексеру жұмыстарын бастады.

Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті 1950 жылы 14 маусымда мұғалімдер институты ретінде ашылды. Алғашқы оқу жылында институтта 3 бөлім ашылып, қазақ және орыс тілдерінде оқитын 150 студент қабылданды. 1955 жылы мұғалімдер институты педагогикалық институтқа айналды. 1994 жылы педагогика институты Атырау университеті болып құрылды. Осы жылы көрнекті қайраткер, ғұлама ғалым Халел Досмұхамедовтың есімі берілді. Жоғарғы оқу орны мемлекеттік аттестаттаудан өтіп, Қазақстанның Батыс аймағында алғашқы аймақтық университет дәрежесіне ие болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама