Полиция қызметкерлері егде жастағы әйелдің неге мұндай қадамға барғанын анықтап жатыр
Степногорда учаскелік полицейлер зейнеткерді өлімнен аман алып қалды, деп хабарлайды Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Биыл 4 шілдеде сағат 12:50-де қаладағы полиция басқармасының кезекші бөліміне әйел хабарласып, көршісінің өз-өзіне қол салмақ болғанын айтқан. Учаскелік полицейлер оқиға орнына шұғыл жеткен.
Учаскелік инспектор, аға лейтенант Азамат Ибраев пен учаскелік инспектор, майор Бөгенбай Жұмабеков суицидке жол бермес үшін шұғыл шешім қабылдады. Олар 81 жастағы зейнеткер 2-қабаттағы балконның шетінде тұрғанын анықтаған. Ол балконның есігін жауып алып, ешкімді кіргізбеген. Зейнеткер төменге құламақ болған, - деп жазылған хабарламада.
Аға лейтенант Азамат Ибраев сұрақ қойып, 81 жастағы әйелдің назарын аударған кезде майор Бөгенбай Жұмабеков есікті бұзып, зейнеткерді күшпен пәтерге кіргізіп үлгерген. Кейін жедел жәрдем қызметкерлері әйелге тиісті медициналық қызмет көрсеткен.