Ұлттық банк төрағасының інісі Forte Bank басшылығына тағайындалды

Бауыржан Мұқанов

Ұлттық банк бұл тағайындаудан мүдделер қайшылығы жоқ деп есептейді

Фото: Halyq Uni

Forte Bank АҚ жалғыз қатысушысының 2022 жылдың 30 маусымдағы шешімімен банк басқармасының құрамы ауысты, деп хабарлайды KASE баспасөз қызметі.

Атап айтқанда, 2022 жылдың 10 қаңтарында Басқарма төрағасы болып тағайындалған Рубенис Рейнис араға жарты жыл салып басшылықтан кетті. Оның орнына, Басқарма төрағасының міндетін атқарушы болып Пірматов Бекжан Олжайұлы тағайындалды. Ол 2020 жылдың шілде айынан бері Басқарма төрағасының орынбасары болған.

Айта кетерлігі, Бекжан Пірматов - Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовтың туған інісі.

Ғалымжан Пірматов 2022 жылдың 3 ақпанында Ұлттық банк төрағасы болып тағайындалған еді.  

Мәселеге қатысты Ұлттық банктің редакциямызға ресми жауабында аталған тағайындаудың ешқандай да мүдделер қақтысығын тудырмайтынын мәлімдейді.

«Қазақстан Ұлттық Банкі – Қазақстан Республикасындағы баға тұрақтылығын қамтамасыз ететін мемлекеттік орган. Осы мақсатқа жету үшін Ұлттық банкке басқалармен қатар мемлекеттің ақша-несие саясатын әзірлеу және жүзеге асыру, қаржы жүйесінің тұрақтылығына жәрдемдесу міндеттері жүктелді. Ал қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау функцияларын Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу мен дамыту жөніндегі агенттігі жүзеге асырады», делінген ресми жауапта.

Ұлттық банктің мәліметінше, жекелеген екінші деңгейдегі банктерге қатысты бақылау-қадағалау функциялары, оның ішінде олардың басшы қызметкерлерін бекіту, сондай-ақ олардың қызметін бағалау Ұлттық Банктің құзыретіне жатпайды.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, біз Қазақстан Ұлттық Банкі басшыларының ешқайсысымен туыстық қатынастағы тұлғаны екінші деңгейлі банктің бас қызметкері етіп тағайындаудан мүдделер қақтығысын көрмейміз, деп жауап берді Ұлттық банктің баспасөз қызметі.