×

Торғайға инвесторлар тартылады

Фабрикалар салынып, жаңа жұмыс орындары ашылады

 Дастан Жұмабекұлы 04.07.2022 | 13:18
Фото: facebook.com

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов инвесторлармен перспективалық инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша кездесу өткізді.

Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесуде инвесторлар Арқалық қаласы мен Амангелді және Жангелдин аудандарында ірі кәсіп бастауға ниетті екендерін білдірді.

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов «SRS Holding LTD» компаниясы басшысымен облыстың оңтүстік аудандарында құрамында алтыны бар және полиметалл кендерін қайта өңдеу бойынша жобаларды талқылады. Компания Арқалық қаласында, Амангелді және Жангелдин аудандарында 3 фабрика салуды жоспарлап отыр. Жобалардың жалпы құны 49,5 млрд. теңге болады. Соның нәтижесінде жаңа 1 мың жұмыс орны ашылады.

Сонымен бірге кездесуде «Қостанай тау-кен металлургия корпорациясы» ЖШС басшылығы Арқалық қаласындағы Маятас кен орындары кластерінде пайдалы қазбаларды өндіру және өңдеу мәселесі қаралды. Кәсіпорын тау-кен байыту фабрикасын салуды жоспарлап отыр. Оның құрылысына 315 млрд.теңге инвестиция салынады. Сондай-ақ 1,2 мың жұмыс орны пайда болады.

Жобаның ұзақ мерзімді мақсаты – полиметалл кендері мен алтын концентратын өндіру.

Кездесуде өңір басшысы «ASK GROUP KAZAKHSTAN» ЖШС-мен Жангелдин ауданында мал шаруашылығы кешенін салу бойынша перспективалы жобаға қатысты келіссөздер жүргізді.

Жоба бойынша инвестиция көлемі 11,2 млрд.теңге және 80 жұмыс орны ашылады. Жоба аясында 4 мың бас ІҚМ және 4 мың бас жылқы бордақылау, сондай-ақ жылына 3,2 мың тонна ет өндіру көзделген.

Облыс әкімі атап өткендей, бұл жобалар іске асырылу сатысында. Жергілікті атқарушы органдар нысандарды сәтті іске қосу үшін барынша көмек көрсететін болады.

Кездесудің соңында Архимед Мұхамбетов мемлекеттік органдарға бизнес субъектілеріне жан-жақты көмек көрсетуді тапсырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама