Оның кез келген уақытта шаруа қожалығының аумағынан кетіп қалу мүмкіндігі болған
Қарағанды облысы Полиция департаментінің өкілдері әлеуметтік желіде өзін Ресей азаматы Алексей Котов деп таныстырған жанның Қарағанды облысында «күштеп ұстап отыр» деген видеоүндеуін анықтады. Аталған видеоға қатысты қылмыстық іс тіркеліп, ақпаратты тексеру мақсатында жедел-тергеу тобы оқиға орнына шықты. Полиция қызметкерлерімен Шет ауданында шаруа қожалығының иесі және Котовтың өзі анықталды.
Ресей елшілігі өкілдерінің қатысуымен Котовтан жауап алу барысында, ол шаруа қожалығының аумағында өз еркімен жұмыс істегені, қолында ұялы телефоны болғаны және кез келген уақытта шаруа қожалығының аумағынан кетіп қалу мүмкіндігі болғаны туралы мәлімдеді.
Шаруа қожалығының иесіне қарсы арыз жазудан Котов бас тартып, ешкімге ешқандай кінә артпайтынын және бейнежазбаны үйіне қайту үшін жазғанын түсіндірді.
Бұған дейін әлеуметтік желіде өзін Ресейдің Ярославль облысының тумасы Алексей Котов деп таныстырып, көмек сұраған ер адамның видеосы тарады.
Мама, папа, мен жиырма жылдан бері тұтқында жүрмін, Қазақстаннан кетуге көмектесіңдер, - дейді ол видеода.
Ол сондай-ақ Қарағанды облысы Ақжал ауылындағы Мұхтар қыстағы мен сол жердің иесінің атын атайды.
Ria.ru агенттігі Алексей Котовтың анасымен сұхбаттасып, баласы туралы жаңалықты қалай қабылдағанын білген. 70 жастағы Надежда Алексеевна Котова «ұлын құлдықта ұстап отыр» деген ақпарат қатты күйзеліске түсіргенін айтқан.
Оның аман-сау екеніне іштей сенетінбіз. Тек жақсылықтан үміт күттік, - дейді Надежда Котова.
Алексей Котовтың анасы – 70 жаста, ал әкесі – 80 жаста.