Бейжің-2022: Қазақстан құрамасының олимпиадалық формасы таныстырылды
Бейжіңдегі Қысқы олимпиада ойындары 4 ақпанда басталады
Биыл 4 ақпанда Бейжіңде өтетін Қысқы Олимпиада ойындарына арналған Қазақстан командасының формасы таныстырылды. Қазақстан тарихында алғаш рет экипировкадағы ел атауы қазақ тілінде «Qazaqstan» болып жазылады.
Олимпиадаға арналған спорт формасын қазақстандық ZIBROO компаниясы шығарды. Шеруге арналған коллекцияны ресейлік дизайнер, SHISHKIN брендінің негізін қалаушы Дмитрий Шишкин дайындаған.
Олимпиадалық экипировкасын дайындауға бір жылдан аса уақыт кеткен. Киімді дайындау процесіне атлеттердің өздері қатысып, олар форманың дизайны, сапасы мен функционалына қатысты ұсыныстарын білдірген.
Қысқы ойындарға арналған олимпиадалық форманың таныстырылымына жазғы спорт түрлерінің өкілдері, атап айтар болсақ, Токио олимпиадасының жүлдегерлері Қамшыбек Қоңқабаев, Сәкен Бибосынов пен Софья Берульцева қатысты.
Сондай-ақ, фотосессияға дзюдошылар Жансай Смағұлов пен Ақмарал Науатбек, бокстан ерлер командасының капитаны Абылайхан Жүсіпов, гимнаст Аружан Қасенова мен «Барыс» хоккейшісі Самат Данияр қатысты.
Бейжіңдегі Қысқы олимпиада ойындары 4 ақпанда басталып, 20 ақпанға дейін созылады. Қазақстан командасы спорттың сегіз түрінен бақ сынайды.