Үкімет «Солтүстікке көш» бағдарламасын құрдымға жібергенін мойындады – Дәулет Мұқаев
Үйлер сапасыз, сондықтан жергілікті әкімдік салған баспананы алмаған
«Бала-шағамен Солтүстікке» жобасы аясында СҚО-ның Шал ақын ауданына оңтүстіктен 5 отбасын көшірген «Dauletten» қайырымдылық қорының негізін қалаушы Дәулет Мұқаев осылай деді. Қоғам белсендісі YouTube-тағы «Сұрауы бар» арнасындағы подкастқа қатысқан.
Үй 3 жылдан кейін барып атына аударылады. Алдағыны уақыт көрсетеді. Егер дұрыс менеджмен болса, ешкім кері қайтпайды ғой. Егер мен Үкіметтің үйін алатын болсам, ол отбасылар солтүстікте бір жыл тұрмай көшіп кетеді. Өйткені үйлері сапасыз салынған. Оны Үкіметтің өзі де мойындады. Орысша айтқанда «провал» болды деді. Енді істейтін адамға береміз деген мәселе талқыланып жатыр, - деді Дәулет Мұқаев.
«Бала-шағамен солтүстікке» жобасы талқыланған подкастқа сенатор Дана Нұржігіт те қатысқан. Әрі солтүстікке көш бағдарламасын Үкімет қоғамдық ұйымға берсе дұрыс болар дейді ол да.
Жастар бұл жобаның үлгісін көрсетті. Мемлекет тарапынан білесіздер ауылдық жерде жұмыс істейміз деген жастардың жалақысын 600 мыңға дейін көтеріп, жас мұғалімдерді ауылға шақырып жатыр. «Өңір» деген парламенттік топ бар. Өңірдің мәселесін шешеміз деп әр ауылға не керек соны түгендеген. Осындай жастардың жобасына («Бала-шағамен Солтүстікке» Ред) мемлекет мұғалімдерді жіберетін жобаны қосса билік пен қоғамдық ұйымдардың бағдарламасын тоғыстырса, сол кезде іс нәтижелі болады. Қоғамдық қор тізімін жасай алады. Оған құрылыс компаниясы үй салса, кластерлік жүйе түзіледі, - дейді Дана Нұржігіт.
Жалпы Қазақстан 2014 жылдан бері Солтүстікті қазақиландыру саясатын жүріп жатыр. Бірақ әзірге айтарлықтай нәтижелі емес. Соңғы 5 жылдың өзінде небәрі 30 мың адам көшірілген. Бірақ Ресеймен шектескен аймақта бәрібір халық саны өспей тұр. Керісінше соңғы 10 жылда 50 мың адамға кеміген. Сондықтан мемлекет бағдарламасын қайта қарау мәселесі көтеріліп жатыр.
Бұл сұхбаттың толық нұсқасын «Сұрауы бар» YouTube арнасынан көруге болады.