Қазақтың белгілі ақыны, қоғам қайраткері 80 жасқа толып отыр
Ол 1942 жылы 2 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданы Шілік ауылында дүниеге келген.
Мұхтар Шаханов КСРО Жазушылар Одағының мүшесі (1969), «Жалын» журналының бас редакторы (1986), Қазақстанның халық жазушысы (1996), Республикадағы тұңғыш құрылған экологиялық қозғалыс – Арал және Балқаш проблемалары жөніндегі қоғамдық комитеттің төрағасы (1988), 1989-91 жылдар аралығында КСРО халық депутаты, КСРО Жоғарғы Кеңесінің мүшесі, 1990-93 жылдары – республика Жоғарғы Кеңесінің, 2004-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды.
1992 жылы Мұхтар Шаханов Олжас Сүлейменовпен бірлесіп «Халық конгресі» партиясын құрды. Бірақ екі тілде тәрбиеленген екі тұлға арасында ұлттық мүдде мен космополиттік ағым жүйелі көзқарас таба алмағандықтан партия ұзақ ғұмыр кеше алмады. 1993-2003 жылдар аралығында Мұхтар Шаханов Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болды. 2001 жылдан «ХХІ ғасыр және Руханият» атты халықаралық элита клубының президенті, 2004 жылдан «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының төрағасы, 2010 жылдан «Тәуелсіздікті қорғау» атты 50-ден астам қоғамдық ұйымдардың, партиялардың, баспасөз орындарының басын қосатын халықтық-демократиялық қозғалыстың төрағасы және республикалық «Жалын» журналының Бас редакторы.
Ақынның «Өркениеттің адасуы», «Жазагер жады космоформуласы» (Шыңғыс ханның пенделік құпиясы) атты романдары ЮНЕСКО шеңберінде қаралып, әлемдік деңгейде қызу пікірталас тудырды. Оның шығармалары дүниежүзінің 50-ден астам тілдеріне аударылды. Автордың Ш.Айтматовпен бірлесіп жазылған «Құз басындағы аңшының зары» атты кітабы мен «Сократты ескеру түні» атты драмасы да бірнеше елдің кітап дүкендерінен, сахналарынан орын тепті.
Мұхтар Шаханов – «Қырғыз Республикасының халық ақыны», жиырмадан астам шет елдік академиялардың, университеттердің құрметті докторы, профессоры. Біріккен Ұлттар Ұйымының Қоршаған Орта Бағдарламасы сыйлығының, Қазақстан және Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлықтарының, Түрік Республикасының «Түрік дүниесіне қызметі үшін» халықаралық сыйлығының, Қырғыз Республикасы халықаралық «Руханият», Түрік дүниесі жазушылар бірлестігінің «Шахрияр», ЮНЕСКО-ның «Боорукер» клубы сыйлықтарының, Түркия, Әзірбайжан, Солтүстік Кипр мемлекеттері тағайындаған «Түрік әлеміне сіңірген ерен еңбегі үшін» атағының иегері. 2002 жылы М.Шахановқа «Жазагер жады космоформуласы» атты шығармасы үшін Калифорния Ғылым, Индустрия, Білім және Өнер академиясының А.Эйнштейн атындағы Алтын медалі мен Түркияның Гебзе қаласында «Түркі тілдес халықтар арасындағы ең үздік әлем ақыны» атағы берілді.
Мұхтар Шаханов, Қазақстан Республикасның халық ақыны:
Егер мен осы сіздер үшін күреспегенімде, биіктегілерге қарсы шықпағанымда, үндемей жайыммен жүре бергенімде, сіздер орыс тілді шалақазаққа айналар едіңіздер. Бастысы дәл осы отырған орындарыңызда отырмас та едіңіздер. Айта өтейін, мен ешқашан билікке, абыройға қызыққан адам емеспін. Мәселен, маған халық қаһарманы атағын да ұсынды. Алайда мен бас тарттым. Себебі, мен мансап үшін өмір сүрмеймін. Менің көксегенім — елімнің амандығы, тілімнің, ұлттық рухымыздың көгерген. Дәл қазіргі уақытта Қазақстандағы ұрылардың ұрысында 5 орден-медальдан бар, ал мен олармен теңеспес үшін барлық марапаттаудан бас тартуыма тура келді. Бұл ісіме мақтанамын. Ешқашан елімнің төмен қарауына жол бермеймін. Ұлтымыздың қанат жаюына жағдай жасау үшін өмір сүрудемін.
Биыл оның әдебиетке, ұлт руханиятына, түркі ықнтымағына сіңірген еңбегі ескеріліп, Ұлытау төрінде өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Қазақстанның Еңбек Ері атағы берілді. Қазақ вальсінің королі атанған Шәмші Қалдаяқов пен Мұхтар Шахановтың шығармашылық тандемі бірнеше буынның сүйікті репертуарына айналған өміршең әндерді жарыққа шығарды.
Ал «Арал қасіреті» әні өткен ғасырдан бері қазақтың басты экологиялық проблемасы болып келе жатқан Арал трагедиясының мұңды гимніне айналды. Ақын рухани ортаға Шыңғыс ханның тарихи рөлі мен тарихи тұлғасына қатысты дау-жанжалдармен де танымал.