Арыста азап шеккен, Байзақтағы жарылыстарда жер жастанған, "қасіретті қаңтар" кезінде аяусыз таяққа жығылған бұл мамандық иелерін билік те, халық та ұмыт қалдырды
Азаматтық қорғаныс органдарына (АҚО), төтенше жағдай қызметкерлеріне түсетін ауыртпалық зор. Тек 2021 жылы бұл қызметтің өкілдері 12,1 мыңнан астам адамды құтқарды.
Тәуелсіздік жылдарында қызметтік міндеттерін атқару кезінде бұл органның 64 қызметкері қаза тапты. 163-тен астам қызметкері түрлі жарақаттар алды, мертігіп, мүгедек болып қалған.
Қазақстанда билік адамдарды, балаларды өрттен және басқа да төтенше оқиғалардан құтқарған бөгде азаматтарды түрлі орден-медаль, марапаттармен ұлықтады, тіпті "Халық Қаһарманы" атағын бері. Ал 30 жыл ішінде осындай қаһармандыққа толы істермен күнделікті айналысатын мамандардың небәрі 308-ін мемлекеттік наградалармен марапаттапты. Оның басым көпшілігі төмен дәрежелі наградалар.
Әдетте, дәрежесі жоғары ордендер құқық қорғау органдарына, генералдарға тиеді. Соңғы төрт жылда – 2018-2021 жылдары республика аумағында 60 174 төтенше жағдай және оқиғалар тіркеліпті. Салдарынан, 8 406 адам зардап шекті. 3 323 адам қаза тапты. Мемлекетке келген материалдық шығын 23,6 миллиард теңгені құрады. АҚО қызметкерлері – өрт сөндірушілер, құтқарушылар 2019 жылы, бейбіт күнде тұтас қаланы жойып жібере жаздаған Арыс қаласындағы әскери базадағы жарылыстарды тоқтатуға және салдарларын жоюға жұмылдырылды. Содан кейін 2021 жылы Жамбыл облысының Байзақ ауданында Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімінің қоймасында оқ-дәрілер жарылғанда да, оны жоюға солар жаппай тартылды. Соның кесірінен АҚО-ның 10 қызметкері қаза тапты.
Барлық салада жемқорлық пен бей-жайлық жайлаған мемлекетте халықтың және оны құтқарушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін күрделі және қауіпті жағдайлар қайталана беруі мүмкін.
Ол аз болғандай, биылғы жылдың қаңтарындағы қайғылы оқиғалар кезінде өздері бас сауғалап қашып, тығылып қалған шенеуніктер АҚО қызметкерлерін қоғамдық тәртіпті сақтауға аттандырды. Өрт сөндірушілер әскерилермен, құқық қорғау, арнайы органдардың қызметкерлерімен тең дәрежеде қызмет атқарудың күшейтілген режиміне ауыстырылды. Алайда жағдай қалпына келген соң назардан тыс, көлеңкеде қалды. "Қазақстан халқына" қорынан да қаңтарда азап шеккен өрт сөндірушілер мен құтқарушыларға көмек болмады.
АҚО қызметкерлері қаңтардан кейін бүлік жайлаған 11 өңірде өмірге қауіп төндіретін жұмыстарды атқарды. Өрттерді сөндірді, жарылғыш заттарды іздеді, ТЖ салдарын жоюды жүзеге асырды, терроризмге қарсы операцияларды жүргізуге, жаппай тәртіпсіздік жағдайындағы қызмет түрлеріне, стратегиялық мемлекеттік және басқа да әлеуметтік объектілерді қорғауға қатысты.
Бұл ретте құқық қорғау органдарынан тағы бір айырмашылығы сол, АҚО қызметкерлері қорғаныс құралдарымен және арнайы брондалған техникамен жабдықталмаған.
Құтқарушылар, өрт сөндірушілер темір емес, мұндай ауыр қызмет тез ығыр етеді, қажытады. ТЖМ дерегінше, саладағы кәсіби кадрлар басқа құқық қорғау және арнайы органдарға, Қарулы күштерге және жеке секторға жаппай кетіп жатыр. Себебі өзге органдарда тұрғын үй төлемдері бар, баспанамен де қамтиды, жалақысы да тұрақты көтерілуде, марапаттары, сыйақылары салмақты. Зейнеткерлікке де ерте шығады. Нәтижесінде, ТЖ саласы ұдайы кәсіби кадрлардың тапшылығынан зардап шегіп келеді.
"Тек соңғы 3 жылдың ішінде АҚО-ның 1 910 қызметкері өз еркімен қызметінен кетті. Себебі әлеуметтік қамсыздандыру жеткіліксіз, айтуға тұрмайды. Көбісінің жеке тұрғын үйі жоқ. Олардың отбасылары санитарлық нормаларға сәйкес келмейтін пәтерлерді, лашық-времянкаларды, құйтақандай бөлмелерді жалға алуға мәжбүр. Өрт сөндірушінің өз үйі өрт қауіпсіздігіне сәйкес келмейді. Мұның бәрі АҚО қызметкерлерінің психологиялық және моральдық ахуалына теріс әсер етеді. Қазіргі заманда табиғи және техногендік апаттардың саны артып қана қоймай, олардың сипаты мен ауқымы өзгеруде. Осы жағдайда АҚО қызметкерлерінің жұмыс тиімділігінің төмендеу қаупі артты. Бұл мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін", – деп түсіндірді Төтенше жағдайлар министрлігі.
Осы орайда ТЖМ "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының жобасын әзірлеп жатыр. Ол азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған.
Оның ішіндегі ең бастысы – зейнеткерлікке қатысты. Заң жобасында құтқарушылардың зейнеткерлік жасын төмендету үшін оларды азаматтық қызметшілер қатарынан шығарып, арнайы атақтар берілген АҚО қызметкерлерінің санатына ауыстыру ұсынылған.
Мұның қисыны бар: құтқарушылар қатаң ауа райы жағдайында, табиғи және техногендік ортада, химиялық, радиациялық зақымдану аймақтарында, биік таулы және адам аяғы жетуі қиын аудандарда, күрделі объектілерде іздестіру-құтқару жұмыстарын, сондай-ақ су астындағы сүңгуірлік-іздестіру жұмыстарын орындайды. Тікұшақтан небір құздарға десант ретінде түсіріледі, бастарын бәйгеге тігеді. Олар қаза тапқандардың мүрделерін немесе дене фрагменттерін көріп қана қоймай, қолмен ұстап, жұмыс істеуге мәжбүр. Бұл да түнде түске кіретін, күндіз моралдық қысым болатын қорқынышты жайт.
Құтқарушылар – авариялық-құтқару жұмыстарының барлық спектрін жүзеге асыратын қызметкерлердің жалғыз санаты болып табылады, яғни әмбебап мамандар.
"Құтқарушылардың жұмыс жағдайлары экстремалді: ауыр физикалық және психоэмоционалды жүктемелермен ұштасып жатыр. Авариялық-құтқару және шұғыл жұмыстарды жүргізу барысында қаза тапқандардың мәйіттерін көтереді, олардың фрагменттерін жинайды. Бұған анау-мынау адам төзе бермейді. Құтқарушылардың денсаулығы жиі сыр береді, олар тез қартаяды. Қазіргі уақытта құтқарушылар зейнетке 63 жасында шығады. Бұл жаста құтқарушылардың көбі мамандығына тән ерекше жұмыс түрлерін – биіктікте, су астында, химиялық және радиоактивті зақымдану аймақтарында авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуді орындауға жарамай қалады. Сондықтан олардың зейнеткерлік жасын төмендету – өмірлік маңызды", – деген дәйектемені алға тартты ТЖМ.
Бұл мәселені ТЖМ жалғыз шеше алмады. Алдымен ел басшылығының, Үкметтің ерік-жігері, содан соң Парламенттің мақұлдауы қажет. Олар бұл ұсынысты құптамауы да ықтимал. Тек қолдаса ғана қанша жасқа дейін төмендетуге болатыны шешіледі.
Сорақысы сол, АҚО қызметкерлері – ең төмен жалақы алатындар санатына жатады. Кезең-кезеңмен көтерілгеніне қарамастан, өрт сөндірушілердің жалақысы шамамен 108 974 теңгені құрайды. Халық кең тұтынатын тауарлар бағасы жаппай қымбаттаған, коммуналдық қызметтердің тарифтері күрт көтерілген, тұрғын үйді жалға алу бағасы өскен заманда бұл қаржы көп ештеңеге жетпесі анық. Еңбекақысының аздығы кесірінен өрт сөндірушілер нарықтан тұрғын үй сатып алмақ түгіл, мемлекеттің баспана бағдарламаларына қатыса алмайды. Тіпті мемлекеттік "Отбасы банктің" өзі қосымша гарант тартпаса, 3 жыл жинаған салымына да кредит бермейтін көрінеді.
Олқылықты жою үшін ТЖМ жаңа заң жобасында Үкіметке АҚО қызметкерлерінің әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыратын төлемдер мен үстемеақыларды ұлғайту мүмкіндігін қарастыруды ұсынбақ.
Бұл әділетті болар еді, өйткені құтқарушылар мен өрт сөндірушілер әскери қызметшілермен және басқа құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен бірдей құқықтық мәртебеге ие, әрі қоғамда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша бірдей міндетті атқарады. Бірақ олармен бірдей әлеуметтік қамсыздандырылмаған.
Егер құтқарушы-өрт сөндуші қаза тапса, оның отбасына көмек көрсетілмеуі мүмкін. Бұл ретте заң жобасында тікелей мемлекеттік органның, яғни ол жұмыс істейтін ұйымның бюджет қаражаты есебінен құтқарушылардың өмірі мен денсаулығын сақтандыруы ұсынылады.
Дереккөз: inbusiness.kz