×

Ардабек Ақаба халықаралық айтыстың жеңімпазы атанды

Айтыстың жалпы жүлде қоры 20 млн теңгені құрады

 Халық үні 01.07.2022 | 21:33
фото: аудан әкімдігі

1 шілде күні алаштың ата жұрты төр Алтайдың баурайындағы Катонқарағай ауданында өткен «Алтайдай жер қайда?!» халықаралық айтыстың бас жүлдесін Ардабек Ақбаба алды. 

Халықаралық айтыс додасына Қазақстан, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстаннан келген атақты айтыскерлер қатысты. Айтыстың жалпы жүлде қоры 20 млн теңгені құрады. Нәтижесінде, бірінші орын қызылордалық  ақын Мұхтар Ниязов қанжығаласа, екінші орынды Еркебұлан Қайназаров пен Рүстем Қайыртайұлы бөлісті. Қазірет Бердіхан мен  өзбекстандық ақын Талғат Орынбеков үшінші орын алды.  

Айтысқа, сонымен қатар, Әсем Ереже, Шұғайып Сезімхан, Қалижан Ділдашев, Жарқын Жұпархан және басқа да танымал от ауызды, орақ тілді айтыскерлер қатысты. 

Сөз өнерінде саңлақтардың қарымын Ұлықбек Есдәулетов, Серік Қалиев, Дәулеткерей Кәпұлы, Алмас Ахметбек және Серік Құсанбаев сынды салмақты құрам бағалап, қазылық етті.
 Қазақтың ақсүйек өнерін тамашалуға Қатонқарағай ауылындағы стадионға үш мыңға жуық көрермен жиналды. 

Айтыстың жүргізушісі, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман ашық аспан астындағы тұмса табиғат бүгінгі айтыскерлердің зор шабытына арқау болғанын айтты.  

«Бүгінгідей ашық аспан астында, тау бөктерінде айтысты өткізу тамаша идея болды. Себебі, мұндай тұмса табиғат ақындарға зор шабыт сыйлайды. Қазір Айтыстың деңгейі әлдеқайда жоғары. Өйткені айтыскерлердің көбісі ғылым бағытында жүр. Бұл әлбетте, айтыстың ителлектуалдық деңгейін өсіреді. Бүгінгі жастардың да айтысқа бетбұрысы ерекше. Айтыстың болашағы зор. Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан секілді шетелдердегі қандастарымыздың да айтысқа қызығушылығы артып келеді.  Мұндай фестивальдер алдағы уақытта да әлі жалғасын табатынына сенемін», - деді Ж.Ерман.

Киелі өнердің өңірде насихатталуына Катонқарағай ауданы Тұрақты дамыту қоры мұрындық етті. Басты мақсат - өңірлердегі айтыс өнерінің шығармашылық әлеуетін дәріптеу.

Сонымен қатар, аймақ басшысы да ақындардың қадамына құт тілеп, жиналған халыққа алғысын жеткізді.

«Жалпы, бүгінгі күн ауылымыз үшін ерекше. Төл өнерімізді насихаттап жүрген арқалы ақындар Катонқарағайда бас қосып жатыр. Айтысты көруге жиналған ауыл тұрғындарының, қонақтардың ықыласы ерекше. Мұндай фестивальдер алдағы уақытта міндетті түрде өңірімізде жалғасын табады»- деді Катонқарағай ауылының әкімі. 

Сондай-ақ, ойдың тұнығын, сөздің шымырын теріп, көрерменді қуантқан қатысушы айтыскерлерге де қаржылай сыйақы табыс етілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама