«Мұғалімдер мен дәрігерлерге 72 мың тг беріледі»: желіде тараған ақпарат рас па?
Отставкадағы полицейлергеде төленетіні хабарланған
Әлеуметтік желілерде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың денсаулық сақтау, білім беру салаларында жұмыс істейтін адамдарға және отставкадағы полицейлерге 72 000 теңге мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төлеу туралы Жарлыққа қол қойғаны туралы жарнама тарады. Бұл жалған ақпарат, деп хабарлады stopfake.kz.
Мұғалімдерге, дәрігерлерге және отставкадағы полицейлерге 72 000 теңге төленетіні туралы хабарлама тарады. Хабарламада басты назар аударарлық жайт – оның ресми сайтта немесе беделді БАҚ-та емес, белгісіз аккаунтта жарияланғандығы.
Президенттің ресми сайтында 72 000 теңге мөлшеріндегі біржолғы төлем туралы жарлық жоқ. Мұндай әлеуметтік қолдау шаралары туралы ақпарат ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің де ресми сайтында жоқ.
Egov.kz электрондық үкімет порталында Қазақстандағы жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер тізбесінде де денсаулық сақтау, білім беру салаларының қызметкерлері мен отставкадағы полицейлер 72 000 теңге алуға үміттене алатындығы туралы ақпарат жоқ.
Алаяқтар жоқ төлемдердің төленетіні туралы бұған дейін де мәлімдеген. Осылайша, олар азаматтардың жеке деректерін, кейде ақшаларын иемденеді.