×

Министрлік киік еті мен мүйізін шетелге сатудан үмітті

Үкімет киік атуды қыркүйек айында бастамақ

 Ая Өміртай 01.07.2022 | 17:24
Коллаж: Halyq Uni

Батыс Қазақстан облысындағы киіктер санының күрт көбеюінен жайылым жер тапшылығы туындады. Осы орайда тиісті министрлік өкілдері киік санын реттеуге бюджеттен қаржы бөлінбейтіндігін айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

«Сақтау шараларының арқасында елімізде киіктер саны артқаны мәлім. Биылғы есеп бойынша, Қазақстанда киік саны 1 млн 300 мың басқа жуықтайды. Киіктер санының күрт өсуінен ауылшаруашылығы шөбіне зиян келіп жатыр. Батыс Қазақстан облысының фермерлері ғана емес, Қостанай, Ақмола облысында да осы мәселе көтерілді. Сондықтан, киік санын реттеу ісі күн тәртібіне шығып отыр», - дейді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бас сарапшысы Қуат Чумакаев.

ӘУЕСҚОЙ АҢШЫЛАРҒА РҰҚСАТ БЕРІЛМЕЙДІ

Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Зоология институты арасында бірлескен келісімшарт жасалып, киік санын реттеу бойынша ғылыми-биологиялық негіздеме әзірленген. Бас сарапшының айтуынша, браконьерліктің күшейіп кетуі мүмкін болғандықтан киіктерді әуесқой аңшылар ата алмайды. Оның айтуынша, киіктерді атумен арнайы мекеме айналысады.

Комитет бірнеше тәсілді қарастырды. Бастапқыда әуесқой ату тәсілін енгізбек болған. Бірақ 1985 жылғы тәжірибе көрстекендей, бұл киік санының бірден құлдырауына әкелген еді. Реттеу мәселесіне қатысты ғылыми ұйымдар арнаулы рұқсат етілген мекеменің осы жұмысты атқарғанын құп көріп отыр. Нақты айтқанда – «Охотзоопром» мекемесі.

Ал киік көпшілік ойлағандай «Қызыл кітапқа» енбейді. Киік – аулауға болатын аң түрге жатады. Сондықтан шатастырмау керек. Реттеу шараларын биологиялық негіздеме бойынша арнайы ұйым іске асырады. Олардың маманданған аңшылары бар, өздерінің қару-жарақтары бар», - деп түсіндірді бас сарапшы. Сондай-ақ, жекелеген нақты шешімдер 7 шілде күні өтетін арнайы дөңгелек үстел барысында айтылатынын мәлім етті.

90 МЫҢ КИІК АУЛАНАДЫ

Ғылыми негіздемеге сәйкес, Орал популяциясының 10%-ы (80 мың киік), Үстірт популяциясының 2,5%-ы (10 мың киік) атылады. Көбіне ұрғашы киіктер мен төлдерін атуға басымдық беріледі.

Министрлік өкілінің айтуынша, киік санын реттеуге бюджеттен қаржы бөлінбейді. Шығындар «Охотзоопром» мекемесі есебінен жүзеге асырылып, киіктердің етін өткізуден түскен қаржыдан толықтырылады.

«Атылған киіктердің еті мен мүйізін, терісін қайда пайдаланады» деген журналистер сұрағына мамандар еттің арнаулы комбинаттарға өткізілетінін жеткізді. Ал киік етінің жеуге жарамдылығын арнайы ветеринар мамандар зерттемек.

Атылған киік етін қабылдауға ет комбинаттары дайын емес әрі аз. Сондықтан Қостанай, Арқалық, Орал қалаларындағы қайта өңдеу ет комбинаттарына жөнелтіледі. Олар бізбен бірге жұмыс істеуге келісіп отыр, - деді Қуат Хазиұлы.

2025 ЖЫЛҒА ДЕЙІН ЕТІ МЕН МҮЙІЗІН САТУҒА ТЫЙЫМ БАР

Министрлік өкілдері киік еті мен мүйізін шет мемлекеттерге сатуға үмітті. Бірақ оған CITES халықаралық сауда конвенциясы рұқсат бермейтін көрінеді.

Бізде CITES конвенциясы бар, бұл – халықаралық сауда. 2025 жылға дейін киікті Қазақстаннан тысқары елдерге сатуға квота жоқ болғандықтан тыйым салынған. Яғни, Қазақстаннан тыс жерлерге экспорттау мүмкін емес. Егер конвенциядағы нөлдік квота шешілетін болса, Қазақстан аумағынан тыс сатылымға шығарамыз деген үміттеміз. Киік мүйізін арнайы мамандандырылған ұйымдардың қоймаларына уақытша сақтай тұруды ұсынып отыр. Сондай-ақ, қоймадан жоғалып кетпес үшін маркировка жасалады», - түсіндірді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бас сарапшысы.

Айта кетелік, қыркүйек-қазан айларында киік аулау науқаны болмақ. Киік саны толығып, мәселе қайта көтерілетін болса, науқан жыл сайын тұрақты жолға қойылуы мүмкін.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама