Елордада ауаны ластайтын көлік иелеріне айыппұл салынады
Нұр-Сұлтанда экологиялық мониторинг жобасы іске қосылады
Елордада көліктерден шығатын түтінге талдау жасалатын болады. Газ шығарындысындағы зиянды қалдықтар нормадан жоғары көлік иелеріне әуелі ескерту жасалады. Кейін оны нормаға сай деңгейге келтірмесе және тағы да тексеру кезінде қолға түссе, айыппұл салынатын болады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
30 маусым күні астанада «Нұр-Сұлтан қаласы аумағындағы көлік және өзге де жылжымалы құралдардың экологиялық мониторингі» жобасы таныстырылды. Оны жүзеге асырумен Қалалық қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы және «Экосервис-С» ЖШС айналысады.
Табиғатты қорғау шарасы аясында автокөлік құралдарының ауаның ластауын мониторингілеу бойынша жобаны іске қосамыз. Зертханалар көліктен шығатын газдарды зерттейтін болады, бірақ біз осы іс-шараларды осы жылы ілкі жоба ретінде іске асырамыз. Ол бізде профилактикалық әрекет ретінде болады. Тексерілетін және мониторинг жүргізілетін машиналар үшін алдымен түсіндіру жұмыстарын жүргізіліп, оларға қатысты алдын алу шаралары қолданылатын болады. Кейіннен процесс жақсарған кезде, егер бұзушылықтар қайта анықталатын болса, онда әкімшілік шаралар қолданылады, - деп хабарлады Нұр-Сұлтан қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы басшысының орынбасары Жанар Бескемпірова.
Қоршаған орта сапасының мақсатты көрсеткіштерін бақылау атмосфералық ауаны ластаудың негізгі көзі автокөлік екенін көрсетті, бұл пандемия кезінде дәлелденді.
Жылжымалы экологиялық бекеттер көпкомпонентті газ талдағыштар мен түтін өлшегіштердің көмегімен бензинді және газды қозғалтқыштармен жабдықталған автомобильдердің пайдаланылған газдарын көмірсутегінің, көміртегі тотығының, көміртегі диоксидінің, азот тотығының, оттегінің болуына өлшейді.
«Бірінші кезеңде екі жылжымалы зертхана өлшеу жүргізетін болады. Бұл зертханалар сертификатталған. Барлық құрылғылар мемлекеттік тізілімге енгізілген», -деп түсіндірді «Экосервис-С» ЖШС директоры Ғалым Беркінбаев.
Жобаны сапалы іске асыру мақсатында бұдан бұрын Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы, Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті және «ЭКОСЕРВИС-С» ЖШС арасында үшжақты меморандум жасалды.