Мұрат Әйтенов мұндай жоспар барын жоққа шығармады
Шымкент қаласының бас жоспарында LRT және BRT салу қарастырылған. Бұл туралы бүгін ОКҚ-да өткен брифингте қала басшысы Мұрат Әйтенов айтты.
«Шымкент қаласының бас жоспары таныстырылды. Онда LRT және BRT салу қарастырылғаны хабарланды. Елордадағы LRT жобасының немен аяқталғанын білесіз. Сіз сол жағдай Шымкентте де қайталанбас үшін нендей шара қолданасыз?», деп сұрады тілші.
Әкімнің айтуынша, мұндай жобалар қаланың бас жоспарында қарастырылған. Бірақ оның іске асырылу-асырылмауы әлі белгісіз.
«Қалада миллионнан астам адам тұрады. Биыл халықтың өсу динамикасын ескере отырып, өзгерістер енгізіледі. Бір ай ішінде қала тұрғындары ұсыныстарын беруге тиіс. Басқа елдерде LRT және BRT салынып жатқанын көріп отырсыздар. Сарапшылардың пікірінше, миллион халқы бар қалаларға балама траспорт қажет. Өйткені халық санының өсуі байқалады. Қазір ЛРТ және БРТ сызбалары дайындалып жатыр. Бұл мәселені Үкіметпен талқылаймыз. Біз LRT жобасы үшін инвесторларды тарту мүмкіндігін қарастырамыз», - деді қала басшысы.
Шаһар басшысы жобаны жүзеге асыру қаланың мүмкіндігі мен бюджетіне, инвесторлардың ұсынысына байланысты екенін жеткізді.