2 мың адам рухани жетекшісіз қалған ұрымтал сәтті сәлафиттер жамағаты пайдаланып кеткен
Сәтбаев қаласының бұрынғы әкімі Әнуар Омаров «Сұрауы бар» YouTube арнасында жарияланған «Сәтбаев: мыс, миссионерлер және діни экстремизм» шағын деректі фильмінде «Қазақмыс» шахталарында намаз оқу неден басталғанын айтты.
Оның айтуынша, шахталарда ауыр жұмыста жүрген 25-35 жас аралығындағы жігіттерді сәлафиттер мақсатты түрде «дінге» үгіттеген.
«Бұл алғашқыда сәлафтар болған жоқ. Естеріңізде болса, «Ақжол» деген бірлестік болды. Сәтпаев қаласында осындай 29 орда ашылды. Ал Жезқазған қаласында небары 2-3 орда болды. Шахтада намаз оқу сол уақыттан басталды. Жұмыскерлер ренжіп те жатты. Оған үйренбеген кез.
Мен бұл мәселені жазғанмын да. Олар қатарына 2 мыңға жуық адамды тартты. Тіпті ызаланып, «Миссионер құрлы болмаған мемлекеттен не қайыр» деп те ренжідім.
Сол уақытта мемлекет бұған пәлендей мән бере қоймады да, кейін аяғына дейін жеткізіп, тыйым салынған ұйымдар қатарына кіргізді», - деді 2013-2016 жылдары Сәтбаев қаласының әкімі болған Әнуар Омаров.
Осы аралықта діни құлшылықтарын орындап, дағдылана бастаған 2 мың адам рухани жетекшісіз қалған. Ұрымтал сәтті сәлафиттер жамағаты пайдаланып кетіпті. Сәтпаев пен Жезқазғанға олардың идеологиясының таралуы осылай басталды дейді экс-әкім.