Бельгия соты Қазақстан Ұлттық қорының 530 миллион доллардан асатын активіне уақытша тыйым салу туралы шешімнің күшін жоймақ
Бельгияның апелляциялық соты 530 миллион АҚШ долларын құрайтын төрелік шешімді тану және орындау туралы шешімнің күшін жойып, Стати төрелік трибунал мен Швеция соттарын жаңылыстырды деген қорытындыға келді. Бұл туралы ҚР Әділет министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
Молдова олигархтары Анатол мен Габриель Статиді («Стати») жауапқа тарту үшін ұзақ күресте Қазақстан тарапы түбегейлі жеңіске жетті.
2021 жылғы 16 қарашада Бельгияның апелляциялық соты Статидің ірі көлемдегі алаяқтық схемаға қатысы бар, ол тек төрелік сотты ғана емес, сонымен қатар шешімнің күшін жою жөніндегі процесс кезінде Швеция соттарын да жаңылыстырды деген шешімді шығарды. Соттың пікірінше, бұл алаяқтық схема төрелік соттың жауапкершілік пен шығындарды өтеу мәселелеріне қатысты қорытындыларына тікелей әсер еткен. Соның негізінде Апелляциялық сот төменгі сатыдағы соттың 530 миллион АҚШ долларын құрайтын төрелік шешімді тану және орындау туралы шешімнің толықтай күшін жойды, - делінген хабарламада.
King & Spalding заң фирмасы төрелікте Статидің мүддесін қорғаған және олардың жалған төрелік шешімдерін, соның ішінде Швеция мен Бельгияда тану және орындау бойынша дүниежүзілік әрекеттерін үйлестірген.
Бұрын хабарланғандай, 2017 жылғы желтоқсанда Стати төрелік шешімді тану туралы сырттай қаулы алды, ол кейіннен 2019 жылғы желтоқсанда Бельгияның бірінші инстанция сотының қаулысымен расталды. Алайда, бұл екі шешім де Статидің алаяқтығының жаңа дәлелдерін қамтымайтын шектеулі фактологиялық базаға негізделген.
2020 жылдың қарашасында Брюссельдің апелляциялық соты Статидің қарсылығына қарамастан, алаяқтық туралы материалды толық көлемде ұсыну туралы Республика (Қазақстан – ред.) өтінішін қанағаттандырды.
Енді апелляциялық сот Стати ауқымды алаяқтық схемаға қатысқанын және нәтижесінде төрелік шешім танылмауы немесе орындалмауы тиіс деген Қазақстанның позициясын растады.
Бұл апелляциялық соттың шешімі Bank of New York Mellon-да сақталатын Қазақстан Ұлттық қорының 530 миллион доллардан асатын активтеріне уақытша тыйым салудың күшін жоюға алып келеді.
Бұл - Стати мен олардың сыбайластарына қарсы Республиканың көпжылдық күресіндегі маңызды шешім. Статидің алаяқтығы туралы Республика ұсынған материалдарды толығымен осы сот алғаш рет қарады. Барлық қолда бар дәлелдемелерді мұқият талдағаннан кейін апелляциялық сот біздің елге, Статидің аудиторларына (KPMG), төрелік сотқа және төрелік шешімнің күшін жоюды қараған Швед соттарына қатысты Статидің алаяқтық жасағандығын растады. Бұл шешім Статиге ғана емес, сонымен қатар олардың кәсіби кеңесшілеріне де ауыр салдар туғызады. Бұл Статиге әлі де көмектесіп, олардың заңсыз схемаларына қолдау көрсететіндер, соның ішінде Даниэл Чапман мен оның Argentem Creek компаниялар тобы үшін «қайтарылмайтын» нүкте болуы тиіс. Әділет министрлігінің атынан Стати мен олардың барлық сыбайластары жауапқа тартылмағанша, біз өз ұстанымымызда тұратындығымызды хабарлаймыз, - деп түсіндірді ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев бұл туралы былай деп түсіндірді.