×

Бүгіннен бастап «Ұлттық» мәртебесі бар мәдениет мекемелерінде еңбекақы 75%-ға артады

2025 жылға дейін мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбекақысы 100%-ға артады

 Динара Амантай 01.07.2022 | 11:07
Фото: vechastana.kz

Бүгіннен бастап «Ұлттық» мәртебесі бар мәдениет мекемелері қызметкерлерінің еңбекақысы 75%-ға артады. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Шымкент қаласының тұрғындарымен кездесу кезінде айтты.

 Жиын барысында министр мемлекет пен қоғам арасындағы диалогтың маңыздылығын атап өтіп, өзекті сұрақтарға жауап берді.

«Президент тапсырмасы бойынша мемлекеттік органдардың басшылары халықпен кездесуді өңірлерде өткізіп жатыр. Бұл – мемлекет пен қоғамның өзара сенімі мен құрметіне негізделген жаңа саяси мәдениетті құрудағы өте маңызды қадам. Сондықтан да бүгін сіздерді толғандыратын барлық сұрақтарға тікелей жауап беруге келдім», – деді министр.

Сонымен бірге ол өткен жылы мегаполисте 9 мәдениет нысанына жөндеу жұмыстары жүргізілгенін хабарлады. Биыл тағы 10 нысан жөндеуден өтіп жатыр. Сондай-ақ Шымкетте Конгресс холл мен Оқушылар сарайының құрылысы жүргізіліп жатыр.

Бұған қоса министр мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбекақысы туралы сұрақтарға да жауап берді.

Мәдениет және архив ісі ұйымдары қызметкерлерінің еңбекақысы орта есеппен әр жыл сайын 20%-ға өсетін болады. Бұл жұмыс 2025 жылға дейін жүргізіледі, яғни осы кезеңде еңбекақы көлемі 100%-ға артады. Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес 1 шілдеден бастап «Ұлттық» мәртебесі бар мәдениет мекемелері қызметкерлерінің еңбекақысы 75%-ға артатынын атап өткім келеді, – деді Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.

Министрдің айтуынша, елімізде кино өндірісі қарқынды дамып келеді. Мәселен, «Қазақфильм» киностудиясын жаңғырту жүзеге асырылып жатыр, «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігін құру бойынша жұмыс жүргізіліп отыр. Бұл бірлестік биыл көрермендерге 10 пилоттық жоба ұсынады. Рейтингі жоғары анимациялық фильмдер мен кинокартиналарды қазақ тіліне дубляждауға қаражат бөлінеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама