Қазақтандықтарды маска тағуға міндеттей ме? - министр жауап берді
Елдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақты
Бүгін ведомстваралық комиссияда маска тағу режимін енгізу мәселесі қаралады. Алайда қазақстандықтарға алаңдауға еш негіз жоқ. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятқызы айтты, деп хабарлайды Halyq Unі тілшісі.
Оның айтуынша, соңғы бір аптада СОVID-19 вирусы өршіген.
Ауру жұқтырғандар саны 2 есе өсті. Бүгін осы мәселе бойынша ведомствоаралық комиссияның отырысы өтеді. Онда өңірдегі эпидемиологиялық жағдай қаралып, алдағы уақытта қандай шаралар қабылдау керектігі талқыланады, - деді Ажар Ғиният елордада өтіп жатқан халықаралық нейрохирургиялық форумның кулуарында.
Министр Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдай бақылауда екенін атап өтті.
«Бүгінде республика бойынша жағдай қорқынышты емес. Өңірлер «жасыл» аймақта. Еліміздегі ауруханаларда жүздеген адам емделіп жатыр. Аураханалардағы науқастардың толуы – 6%. Оның ішінде коронавирус жұқтырған 4 науқастың жағдайы ауырлау. Олар дәрігерлердің бақылауында», - деді ведомство басшысы.
Сондай-ақ Ажар Ғиният «Қазақстандықтар маска тағуға қашан міндеттелуі мүмкін?» деген сұраққа жауап берді.
«Оны өздеріңіз жақсы білесіздер. Елімізде эпидемиологиялық жағдайды бақылайтын матрица бар. Егер өңірлер «сары» аймаққа енсе, тиісті санитарлық эпидемиологиялық шараларды қабылдаймыз. Қазір өңірлер «жасыл» аймақта болғандықтан, ондай шаралар жоқ. Егер «сары» аймаққа енген кейбір өңірлерде аурушаңдық көбейіп, қандай да бір қауіп төнсе, онда министлік және санитарлық эпидемиологиялық дәрігерлер тарапынан тиісті шара қолданылады. Алайда қазір қазақстандықтарға алаңдауға негіз жоқ», - деді министр.
Айта кетейік, кеше премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов коронавирус қайта өршісе, қазақстандықтар маска тағуға қайта міндеттелуі мүмкін екенін айтқан еді.