Қырғызстанда казино заңдастырылды
Бұған дейін Жогорку Кенештің депутаттары заң жобасын мақұлдаған болатын
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров ойын туралы заңға қол қойды. Ел өкіметінің хабарлағанындай, казино мен басқа да құмар ойындар мемлекет қазынасын көбейтеді.
Құмар ойыннан түскен ақша сыртқы қарызды жабуға, жалақыны көбейтуге және басқа да әлеуметтік проблемаларды шешуге жұмсалады.
Алайда 21 жасқа толмаған азаматтар құмар ойын ойнай алмайды.
Бұған дейін Жогорку Кенештің депутаттары екінші және үшінші оқылымда Қырғызстандағы ойын мекемелерінің қызметін заңдастыру туралы заң жобасын мақұлдаған болатын. Енді осы құжатқа ел президенті Садыр Жапаров қол қойды.
Қолда бар мәліметке қарағанда, казиноларды Ыстықкөлдің жағалауынан ашу жоспарланып отыр. Оған 21 жастан жоғары шетел азаматтары ғана кіре алады. Бұл туралы «Кабар» агенттігі хабарлады.
Қырғызстанда 2012 жылдан бастап, казиноның жұмысына, ал 2015 жылдан бері букмекерлік кеңселер мен тотализаторларға тыйым салынған еді. Оған мемлекет мүлкі мен жиған ақшасынан ұтылған адамдардың туыстарының көптеген наразылықтары себеп болған.