Жоспарға сәйкес, оның құрылысы 2024 жылы аяқталуы тиіс
Биыл астанада Ұлттық спорт университетінің құрылысы басталады. Оны салуға республика бюджетінен 47 193 997 906 теңге бөлініп отыр. Тапсырыс беруші – Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Спорт және дене шынықтыру істері комитеті.
Бұл туралы комитеттің мемлекеттік сатып алу порталында жарияланды.
Университет құрылысына байланысты әлі тендер өткен жоқ. Спорт комитетенің мемсатып алу порталындағы жылдық жоспарына қарағанда, білім ордасын салатын компания ашық конкурста анықталды. Конкурстың хабарландыруы маусымда жариялануы тиіс.
Порталдағы мәліметке қарағанда, жаңа университет «Астана қаласындағы олимпиадалық дайындық орталығы» көп функционалды спорт кешені» базасында бой көтереді. Жоспарға сәйкес, университет құрылысы 2024 жылы аяқталуға тиіс.
Атап өтетін бір нәрсе, 47,2 млрд теңге университет ғимаратының негізгі құрылысына ғана жұмсалады. Ал ғимараттың сыртқы инженерлік желілерінің құрылысына қанша қаржы бөлінетіні әлі белгісіз.
Ұлттық спорт университеті туралы 2019 жылдан бері айтылып келе жатыр. Үш жыл бұрын Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаев Ұлттық спорт университетін салуды мақсат етіп отырғанын, алайда қаржыландыру мәселесінің шешілмегенін айтқан болатын.