Алдын ала тыңдау ашық режимде өтеді
Бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы 26 қаңтарға белгіленді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық сотының баспасөз қызметінен хабарланды.
Ресми мәлімет бойынша, тыңдау ашық режимде өтеді. Қылмыстық іс Нұр-Сұлтан қаласының №2 Сарыарқа аудандық сотының өндірісіне келіп түскен.
Істі қарайтын судья – Ибрагим Әлкенов.
Қаңтардың 17-не бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа қатысты қылмыстық іс сотқа түсті.
БІРТАНОВ ІСІ
Елжан Біртанов Мемлекет басшысының жарлығымен 2020 жылғы 25 маусымда Денсаулық сақтау министрі қызметінен босатылды;
2020 жылғы 3 қарашада экс-министрге қатысты аса ірі көлемде бюджет қаражатын ысырап ету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынды;
2020 жылғы 7 қарашада төрт айға үйқамаққа алынды;
2021 жылғы 12 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласының тергеу соты экс-министрдің үйқамақтағы мерзімін наурыз айының соңына дейін ұзартты;
2021 жылғы 6 мамырда сот Елжан Біртановтың үйқамақ уақытын 14 маусымға дейін созды;
2021 жылғы 9 маусымда Біртановтың үйқамақ уақыты 14 шілдеге дейін созылды;
2021 жылғы 14 шілдеде сот экс-министрдің үйқамақ мерзімін 14 қыркүйекке дейін ұзартты;
2021 жылғы 14 қыркүйекте үйқамақ мерзімі 14 қарашаға дейін ұзартылды;
2021 жылғы қарашада үйқамақ мерзімі тағы 2 айға ұзартылды.