«577 млн доллар қажет»: Көлгінов LRT құрылысы аяқталатынын айтты
Қазіргі уақытта 500-ден астам тірек тұрғызылған, әр тіреуіштің салмағы 220 тонна болады
Елордадағы LRT құрылысын аяқтауға 577 миллион қаржы қажет. Бұл туралы қала басшысы Алтай Көлгінов Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.
Астана әкімнің айтуынша, Урбанистика орталығына аталмыш жобаға байланысты жұртшылық пен сарапшылардан 400-ден астам ұсыныс түскен. Олардың 51%-дан астамы жобаны аяқтау керек десе, 42%-ы балама нұсқаларды ұсынған. Ал 7%-ы нысанды толық бұзу керек деген ұсыныс айтқан. Осыған байланысты Алтай Көлгінов кеңінен тараған бірнеше нұсқаға қатысты жасалған шешімдерге егжей-тегжейлі түсініктеме берді.
Оның айтуынша, егер нысанды бөлшектейтін болса, мемлекеттің қаржысы тиімсіз жұмсалатын көрінеді. Қазіргі уақытта 500-ден астам тірек тұрғызылған, әр тіреуіштің салмағы 220 тонна болады. Құрылыс-монтаж жұмыстарына қыруар қаржы жұмсалды, оның бәрі несиеге алынған. Оны әкімдік республикалық және жергілікті бюджеттен, шамамен 475 миллион доллардан өтейді.
Екінші нұсқа бойынша, құрылыс нысанын қоғамдық немесе жаяу жүргіншілер аумағы ретінде салу көзделген. Алайда қаланың климаттық жағдайын есекере келе, ол тек жазда жұмыс жасайтыны белгілі болды. Егер бұл нұсқа жүзеге асырылса оны бүкіл ұзындығы бойынша – 22 километрде жүзеге асыру мүмкін болмас еді.
Келесі нұсқаға қатысты, яғни эстакадаға баламалы көлік түрін – электробустарды шығаруға қатысты серіктес қытайлық компаниялардың консорциумы инженерлік құрылымдар бастапқыда тек жеңіл рельсті көліктерге арналғанын айта отырып, бұл нұсқаны мақұлдамаған.
Қала әкімі тұрғындар санының жыл сайынғы өсу динамикасын, көліктердің көбеюін ескере отырып LRT-ның бастапқы жобасына қайта оралу абзал деп есептейтінін айтты. Бұған қоса Алтай Көлгінов жобаның қаржылық мәселелерінің де басын ашты.
«Келісім-шартқа қол қойылғаннан бері Қазақстан Қытай консорциумына 377 млн доллар көлемінде аванстық төлем жасаған. Бұл аванс жұмыстың 60 пайызы аяқталған кезде пайдаланылуы керек, қазіргі уақытта аванс пайдаланылып отырған жоқ. Келісімшартты бұзатын болсақ, бізді халықаралық арбитражға беруі мүмкін. Себебі бұл – халықаралық шарттар, олар орындалуы керек. Біздің Қытай консорциумына аяқталған құрылыс-монтаж жұмыстары үшін 116 миллион доллар қарызымыз бар, бірақ бұл қарызды әлі өтеген жоқпыз. Несие, аванстық төлем, атқарылған жұмыстарды есепке алғанда 1 миллиардқа жуық қаржы игерілді. Артқа шегінер жол жоқ, LRT жобасын аяқтаған жөн», – деді қала басшысы.
Алайда LRT құрылысы бастапқы жоспар бойынша емес, оңтайландырылған түрде жүргізілетіні белгілі болды. Әкімнің айтуынша, 18 станцияның 8-і қалады. Жоспарланған 19 жылжымалы құрамның (бір пойыз 4 вагоннан тұрады) бірінші кезеңге 5 пойызды іске қосу жоспарланған. Жүру аралығы 15 минут болады.
Бастапқы жобаны аяқтау үшін 1 миллиард доллардан астам қаражат қажет болды. Оңтайландыруды ескере отырып, оны аяқтау үшін бізге 577 миллион доллар қажет, бұл - екі есе үнемдеу. Қытайлық серіктестер үздіксіз қаржыландыруды қамтамасыз етсек, құрылыс басталған сәттен бастап екі жылдың ішінде аяқтап, пайдалануға береміз деп отыр, – деді Алтай Көлгінов.
Сонымен бірге жеңіл рельсті көлікті пайдалануға берілгеннен кейін оны ұстау бойынша мемлекеттік бюджеттен жыл сайын техникалық қызмет көрсетуге 3 млрд теңге бөлініп отыратынын айтты. Салыстыру үшін, Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық көлігін субсидиялауға жыл сайын жергілікті бюджеттен 13 миллиард теңге бөлетінін еске салды.
Қала басшысы тілшінің жоба жұмсалғанын қаржыны ақтай ма деген сұрағына «Бұл – бизнес емес, әлеуметтік жоба» деп жауап берді. Оның айтуынша, қоғамдық көлікпен күн сайын 25-30 мың адам қатынайды деп күтіліп отыр.