Тоқаев Түрікменстанға барды
Мемлекет басшысы саммитке қатысады
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий маңы мемлекеттері басшыларының алтыншы саммитіне қатысу үшін Ашхабад қаласына жұмыс сапарымен барды.
Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Мемлекет басшысы Ашхабадқа жұмыс сапары барысында Түрікменстан Ұлттық кеңесі Халық мәслихатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездесу өткізді.
Қазақстан Президенті, ең алдымен, Гурбангулы Бердімұхамедовті туған күнімен құттықтап, оның басшылығымен Түрікменстанның әлеуметтік-экономикалық жетістіктерін атап өтті.
Кездесуде дипломатиялық қарым-қатынастар орнаған 30 жылда Қазақстан мен Түрікменстанның байланысы бауырластық әрі стратегиялық серіктестік деңгейіне жеткені айтылды. Тараптар екі ел арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-түрікмен қарым-қатынастарына қосқан өлшеусіз үлесі үшін Гурбангулы Бердімұхамедовті Қазақстан Республикасының жоғары мемлекеттік наградасы «Алтын Қыран» орденімен марапаттады. Сонымен қатар Халық мәслихаты төрағасы ретінде елінің дамуына, аймақтың тұрақтылығы мен қауіпсіздігі жолында еңбек ете беретініне сенім білдірді.
Бүгін Мемлекет басшысы Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедовпен кездеседі.