×

Астанада ресейлік ұшақтың ұшуына тыйым салынды

«VOLGA DNEPR AIRLINES» компаниясы заң бұзушылықпен айналысқан

 Дастан Жұмабекұлы 29.06.2022 | 14:35
Көрнекі фото

Астанада «VOLGA DNEPR AIRLINES» компаниясының ұшағына ұшуға тыйым салынды.

Бұл туралы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.

Комитеттің хабарлауынша, 26 маусым күні Нұр-Сұлтан қаласының уақытымен сағат 13.40-та «Нұрсұлтан Назарбаев» халықаралық әуежайында «VOLGA DNEPR AIRLINES» әуе компаниясының Үрімші (ҚХР) – Нұр-Сұлтан – Мәскеу бағытындағы коммерциялық рейсінің RA-82074 нөмірлі ұшағы тоқтаған.

Бұл туралы әуежай қызметі «Әуежай Астана» кеден бекетінің қызметкерлеріне тез арада хабарлаған. Дегенмен, үшақтың экипажы мен оның өкілі белгіленген уақытта кедендік рәсімдеуге қажетті кедендік құжаттар мен мәліметтерді ұсынбаған. Сол себепті әуе компаниясына қатысты ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 538-бабымен әкімшіліктік іс қозғалды. Бұл бұзушылық үшін жиырма айлық есеп көрсеткіш көлемінде айыппұл қаралған, - делінген хабарламада.

Комитеттің хабарлауынша, Қазақстан Республикасының кедендік заңнамасына сәйкес, тасымалдаушы немесе өзге де белгіленген адамдардың келуі туралы хабардар еткен кезден бастап үш сағатта ұшаққа кедендік декларацияны тапсыруға міндетті. Әуе компаниясының өкілдері заң бұзушылықпен келісіп, кінәлілерді әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша жұмыс істеп жатыр. Кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ұшаққа кедендік декларацияны тапсыруға қатысты барлық кедендік операциялар орындалған соң ұшақ бірден жіберіледі.

Мемлекеттік кірістер комитетінде аталған заң бұзушылық кедендік әкімшілендіру саласындағы кәдімгі әкімшілік құқық бұзушылық екенін ескертіп, саяси астардың жоқ екенін хабарлады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама