Halyq Uni логотип
×

Атыраулық ветеринарлар шағалалардың жаппай қырылуына не себеп болғанын түсіндірді

Каспий жағалауындағы өлген құстардың биоматериалдары Алматы қаласындағы зертханаға жолданды

 Айнұр Асылбекқызы 29.06.2022 | 14:33
Атыраулық ветеринарлар шағалалардың жаппай қырылуына не себеп болғанын түсіндірді
көрнекі фото: ашық дереккөзден

26 маусымда «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының Солтүстік Каспий теңізінің жағалауында орналасқан «Шалыга» аралының аумағында (қара басты тұқымды) 2500 шағаланың өлексесі табылды. Атап айтсақ, 1000 үлкен қарқылдақ (чеграва), 1200 қылаң қарабас (черноголовый хохотун), 300 өгіз шағала (хохотунья).

Бұған дейін 19 маусым күні Қашаған кен орнының «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» компаниясына қарасты екі жасанды аралда 2750 қарабас шағаланың жаппай қырылғаны жайлы дерек тіркелген.

Бұл туралы сол күні компанияның өкілдері Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының хабарлаған еді.

Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Мереке Шалқаровтың айтуынша, осыған байланысты құстардың өлімін анықтау мақсатында комиссия құрып, құстар өліп жатқан аумақта тексеру жүргізген. 26 маусым күні табылған құстардың өлексесі сол мониторинг кезінде анықталып отыр.

19 маусымдағы құстардың өлу себебін анықтау үшін құс өлексесі, су, топырақ, ауа сынамалары зертханаға жіберілген. Аталған дерек бойынша ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің «Ветеринария бойынша Ұлттық референттік орталығының» өлген құстардың сынамалырынан 2022 жылы 24 маусымда АН5 құс тұмауы анықталған.

Ал 26 маусымдағы «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты аумағындағы құстардың өлу себебін анықтау мақсатында да өлген құстардың биоматериалдары алынып, Алматы қаласының «Микробилогия және вирусология институтына» зерттеуге жолданды.

Қазір облыс аумағында құстардың жай-күйін анықтау мақсатында толық мониторинг жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама